Бірқатар өңірде мұғалімдерге еңбекақы мен еңбек демалысы ақысын төлеуде кемшіліктер бар. Бұл туралы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Комитет және өңірлік департаменттер бүгінгі күні педагогтерге жалақыны және демалыс еңбекақысын төлеуге мониторинг жүргізіп отыр. 1 аптаның ішінде бірқатар шара қабылданды. Дегенмен, әлі де кемшіліктер бар. Біріншіден, бүгінгі күні деартаменттер мониторинг жүргізіп, оның нәтижесінде өңірлердегі еңбек инспекцияларына кемшіліктер бар өңірлерге хаттар жолданды. Енді тексеріс басталады. Екіншіден, өңірлер бойынша қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізілді. 25 маусымда еңбекақыны төлеу аяқталады деп жоспарланған. Үшіншіден, кемшілік жіберілген өңірлерде жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылып отыр», - деді ол министрліктің аппарат жиналысы барысында.
Оның дерегінше, 10 жағдай бойынша аудандық және өңірлік бөлім басшыларына, мектеп директорларына, бухгалтер және экономистерге тисті шара қолданылған.
«Әліде өңірлерде қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Өкінішке орай бүгінгі күні үш өңір бойынша жағдай өзгеріссіз тұр. Олар: Ақмола, Маңғыстау және Түркістан облыстары. Ал тағы 7 өңірде кемшіліктер бар. Сондықтан алдағы уақыттада мониторингті жалғастырамыз», - деді Гүлзат Көбенова.