Фото: Дина Таңсәрінің Instagram парақшасы
Оқиға 26 сәуір күні кешкі сағат 8-дер шамасында Түркістан облысы Кентау қаласында болған. Оқушы қызды қан-жоса еткен ер кісіні көршілер көріп қалған. Бұл туралы "Не молчи" қоры хабарлады, - деп жазады Massaget.kz порталы otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
11 жастағы оқушы дүкенге майонез алу үшін шыққан. Үйдің кіре-берісінде әлгі еркек оның жасын сұрап, әдемі екенін айтып, құшақтап алған.
"Қыз айғайлап көмек сұраймын дегенше, ер адам оның тамақ тұсынан қатты қысып, қылқындыра бастаған, ұрып-соққан. Кейін қызды аулаға алып шығып, ұрып-соғуды жалғастырған. Тіпті басынан, бетінен таспен ұрған. Үйдің артына дейін сүйреп апарып, ұрып-соға берген. Қызға шабуылдаған адам оны зорламақ болған", - деп жазды қоғам белсендісі Дина Таңсәрі.
Оқиғаны қыздың көршісі көріп қалған соң ер кісі қаша жөнеліпті.
Бұл бойынша полицияға арыз түскен. Таңсәрінің мәліметінше, тәртіп сақшылары істі "Бұзақылық" бабымен тіркеп, күдіктіні босатып жіберген.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасындағылар оқушының соққыға жығылғанын растады. Ол жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілген.
"26 сәуір сағат 22:00-де бас ми жарақатын алған 2012 жылы туған қыз Кентау қалалық орталық ауруханасына жеткізілді. Барлық медициналық тексеруден өткен соң науқас травматология бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда сол бөлімде ем қабылдауда. Жағдайы орташа ауырлықта", - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Ал облыстық полиция департаментіндегілер бұл оқиға бойынша әзірше түсінік бермеген.