29 мау, 2023 сағат 15:14

Кентауда астан уланғандар саны 90-нан асты

Фото: elements.envato.com

Кентау қаласында қоғамдық дәмханадан уланғандар саны сағат сайын артып барады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Түркістандағы өңірлік коммуникациялар қызметінде шұғыл түрде брифинг өтті. Брифингте қазіргі уақытта астан уланғандар саны 92-ге жеткені айтылды.

"Жұқпалы аурулар бөлімшесіне 92 адам шағымданып келген. Барлығының ыстығы көтеріліп, іштері өткен. 26 маусымда Кентау қаласының дәмханасынан тамақ ішкен. Қазіргі таңда 67 науқас жатқызылды. Оның 40-ы бала, 27 - ересек адам, 3 - жүкті әйел. Барлығының жағдайы орташа ауыр. Ертеңгі күннен бастап жағдайлары жақсарса, үйіне шығарыла бастайды", - дейді Кентау қалалық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Асылбек Өтебаев.

25 адам амбулаториялық емдеуде, олардың да жағдайы қатаң бақылауда.

Жұқпалы аурулар бөлімшесінде 40 орын болған, қосымша 40 төсек-орын қойылған.

Науқастардың көбі пицца жеген.

"Науқастардың саны әлі де көбеюі мүмкін. Алайда алдыңғы күнге қарағанда науқастар саны тұрақталып келеді", - деді Асылбек Өтебаев.

Қазіргі күні тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. ҚК 304 бабы 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Нысан толық тексерілді. Сараптамалардың барлығы алынып, зерттеуге жіберілді.