29 мау, 2023 сағат 15:45

Кентаудағы улану оқиғасы: бұрынғы олқылықтар сол күйі жойылмаған

© Photo : Рixabay/Marcel

Кентау қаласындағы "Ризық Рауаны" дәмханасында тұрғындар үшінші рет уланып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ризық Рауаны" дәмханасында былтыр екі рет астан улану жағдайы тіркелген.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425 бабына сәйкес кәсіпкерге 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған", - дейді Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Асқар Ысқақов

Дәл осы дәмханада күзде тағы 168 адам астан уланған.

"Ол кезде Қылмыстық Кодекстің 304 бабының 1 тармағы "Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүрген. Қылмыстық іс былтыр 30 желтоқсанда аяқталды. Зардап шегушілердің кешірім беруіне сәйкес қылмыстық іс қысқартылған", - деді Асқар Ысқақов брифингте.

Асқар Ысқақовтың айтуынша, кезінде кеткен олқылықтар сол күйі жойылмаған.

"Өткен жылы улану бойынша кемшілік өте көп. Өндірістік бақылау болмаған. Дәмханаларға әкелініп жатқан азық түліктің еш құжаты, сертификаты жоқ. Өкінішке орай, жеке кәсіпкерлік орнын біз өз бетімізбен кіріп тексеруге еш құқымыз жоқ. Қандай да бір тұтынушы тарапынан шағым түскенде ғана тексеру жүргізіледі", - деді Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары.

Айта кетейік, Кентауда астан уланғандар саны 90-нан асты.