22 шіл, 2020 сағат 10:55

Кентау тұрғынын бірнеше автокөлікпен келген бұзақылар үйінде ұрып-соққан

Түркістан облысының Кентау қаласында бұзақылар жергілікті тұрғынды үйіне келіп ұрып-соққан, оның туыстары да зардап шеккен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұзақылар үйге және көршілердің ауласына тас лақтырып, содан кейін көліктеріне отырып қашып кеткен. 

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ауылдастарынан таяқ жеген жәбірленуші полицияға арызданған. Ол түнгі сағат 01:00 өзін және туыстарын ұрып-соққанын айтып шағымданған. 

Оқиға орнына шұғыл Түркістан облысы ПД басшылығы бастаған жедел-тергеу тобы барып, болған жәйттің мән-жайын анықтаған. Полицейлер жүргізген жедел-тергеу іс-шарасы барысында бір ауылдағы екі көше тұрғындарының арасында түсінбеушілік орын алып, жанжал басталғаны белгілі болған. 

Арада біраз уақыт өткен соң, жәбірленушінің үйіне белгісіз біреулер бірнеше автокөлікпен келіп, оларға қарай тас лақтырған. Салдарынан жәбірленушінің 3 туысы жарақат алып, оларға медициналық көмек көрсетілген. 

«Іздестіру нәтижесінде жедел уәкілдер 4 күдіктіні анықтап, ұстады. Оқиғаның анық-қанығы сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады» делінген хабарламада.