02 жел, 2018 сағат 12:57

Кентау қаласында коммуналдық қызметтің құны 24 пайызға арзандады

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Кентау қаласына арнайы жұмыс сапарымен барды. Сапары барысында ондағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Алдымен аймақ басшысы Оранғай ауылдық округіндегі «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне аялдады. 2016 жылы құрылған нысан көкөніс және жеміс-жидектерді қайта өңдеу, сақтау және дайын өнімді өткізу шаруаларын атқаруға бағытталған. Кооперативтің жалпы жер көлемі - 300 гектарды құрайды. Онда 50 га алма бауы, 30 га жүзім, 40 га алхоры, 40 га абрикос, 140 га бақша, көкөніс дақылдары егілген. 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мекеме жылына 450 мың литр жеміс-жидек шырынын, 1500 тонна көкөніс маринадын, 1200 тонна томат, алма, асқабақ езбелерін дайындауға қауқарлы. Кооперативіне 2018 жылдың 11 айында жалпы соммасы 292 млн. теңгені құрайтын 1950 тонна тауар өндірген. Оның 1200 тоннасы ішкі нарыққа өткізілсе, 750 тоннасы Ресей Федерациясына экспортталған.

Қазіргі таңда аталған мекеме ауыл шаруашылық дақылдарын алу жөнінде жалпы жер көлемі 350 гектар құрайтын 7 ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен келісім шарт жасасқан.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «Кентау сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын аралап көрді. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін мекеме 2011 жылы құрылған. Серіктестікте 395 адам жұмыс істейді. Аталған мекеме 334 көпқабатты тұрғын үйге, 2121 жеке үйге, 374 коммерциялық нысанға және 102 бюджеттік мекемеге жылу беріп келеді. Жалпы қалада 38,2 шақырым магистралдық, 116,8 шақырым ішкі орамдық жылу құбыры тартылған.

Мекеме басшысы Төлеу Әшірхан Елбасының тапсырмасына сәйкес, коммуналдық қызметтің құны 136-дан 103,88 теңгеге немесе 23,88 пайызға арзандатылғанын жеткізді. Сондай-ақ, төмен жалақы алатын 60-тан астам азаматтың еңбекақысын көтеру мақсатында мекеме бюджетінен 1 млн. 600 мың теңге қаралып отырғанын айтты.

Атқарылып жатқан шаруаларға қаныққан облыс әкімі халыққа сапалы қызмет көрсету бағытында тиісті шараларды дер кезінде атқаруды тапсырды.