09 мам, 2022 сағат 19:54

Кенигсбергті алғанымыз үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болдық - ардагер


Шымкенттік тұрғын Абылай Қазыбаев - Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Жеңіс күнін Кенигсбергте қарсы алған ардагердің бірі. Сол жылдары майдангерге Кенигсбергті басып алғаны үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Абылай Қазыбаев 1925 жылдың 1 шілде күні Түркістан облысының Қайнарбұлақ ауылында дүниеге келген. 1943 жылы әскер қатарына алынып, Ташкент қаласында әскери дайындықтан өтті. Қолына қару ұстап көрмеген қазақ баласы үшін бұл айтарлықтай қиынға соқты. Дегенмен айлап үйренуге уақыт тапшы болғандықтан, сол кездің талабына тез бейімделуге тура келді. 

Содан бозбала 17 жасында әскерге аттанып, жау қолында қалған қалаларды азат етуге жолға шықты. 

219-шы дивизияның 2-ші гвардиялық полкі құрамында Харьков, Ворошилов қалалары түбіндегі ұрыстарға қатысты. 4-Украин, 3-ші Белорус майдандарына қатысып, Севастополь қаласын, Латвия, Литваны азат етіп, Кенигсберг арқылы Берлинге дейін барып қайтты. Жеңістен соң 1946-1950 жылдары Пушкин, Ленинград, Москва және басқа да қалаларды минадан тазартты. 1950 жылы елге оралып, Шымкент қаласындағы СМУ-4, Қорғасын зауытында, ТЭЦ-2 кәсіпорындарында жұмыс істеді. 

Соғыс кезінде «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы», кейін «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Жауынгерлік қызметі үшін» және басқа көптеген медальдармен марапатталды. 

Ардагер соғыс жылдарын еске алғанда ерекше тебіреніске түседі. Жолдастары мен достарының ерліктерін айтып, көңілі құлазып, көзіне жас алып қалады. 

«Өліммен бетпе-бет келген кезіміз көп. Соның екеуі есімде қалыпты. Бірінде командиріміз қорғап қалды. Қолында автоматы бар жаудың солдаты сәл болмағанда баршамызды жайратып салатын еді. Тұтқиылдан келген оны командиріміз байқап қалып, атып өлтірді. Ал, екіншісі Кенигсберг жерінде болды. Онда да ту сыртымызда келген жауды байқамай қалдық. Алланың қолдауымен аман қалдық», - дейді ол. 

Жаңбырша жауған от пен оттың ортасында жүріп ел қорғаған ардагер биыл 97 жасқа толды. Жарының бақилық болғанына да біршама уақыт болған. Қазір ұлынан тараған немерелері мен шөберелеріне ақылшы болып отыр. 

«Бар тілейтінім елде бейбітшілік болсын. Біздің көрген соғысты келер ұрпаққа көрмесін. Қазір елде барлығы бар. Тек тәубе етуіміз керек. Ал, жастар жақсы оқып, білікті маман атанып елге қызмет етуі қажет», - дейді омырауы орденге толы ақсақал. 

Ардагер бос уақытында болашақ әскери қызметшілерге кеңесін беріп, арнайы дәрістер өтіп отырады. Соғыстағы көргенімен бөлісіп, жауды қалай жеңгенін әңгімелейді. Жастарды отансүйгіштікке баулитын жиындарға көптеп қатысады. 

«Біз қасымыздағы бір нанды бөліп жеп жүрген замандастарымыздың көз алдымызда оққа ұшып жатқанын көрдік. Қоршауға да түстік. Дегенмен, ептілік танытып аман шықтық. Мұның баршасыда әуелі Алланың арқасы деп білемін. Бір үлкен ротадан санаулы ғана адамды көргенде аман қалатынымызға сенбедік», - дейді ардагер.