27 сәу, 2022 сағат 15:12

Кен орындарын компаниялардан ешкім тартып алмайды - Ерлан Қошанов


Кен байлығын халық бюджетке түскен салық арқылы пайдаланады. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін палатаның жалпы отырысынан кейін тілшілер Қошановқа Ата Заңға жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы біржола бекітуге қатысты сұрақ қойды. Осы орайда бұл нормаға сәйкес халық бұл байлыққа қалай иелік ете алатыны сұралды. 

«Негізі, бұл норма әділ және дұрыс деп ойлаймын. Себебі жердің де, судың да, жердің үстіндегі де, астындағы да байлықтың иесі халық болуы керек. Сондықтан Президенттің ұсынысымен осы норма енгізілді. Бұл байлықты халық қалай пайдалана алады? Кен орындарын қарайтын болсақ, оларды игеретін инвесторлардың, компаниялардың төлеген салығы, ашқан жұмыс орындары арқылы бюджетке қаражат түседі. Ал бюджетке түскен қаражат арқылы әлеуметтік мәселелер шешіледі. Бұл ұғымды дұрыс түсіну керек. Конституцияға енгізілген өзгеріс дегеніміз кен орындарының бәрін компаниялардан немесе инвесторлардан қайта тартып алу дегенді білдірмейді. Егер олар заңды бұзбай жұмыс істесе, онда жұмысын әрі қарай жалғастыра береді. Бірақ заңды бұзса, онда онымен басқа органдар айналысады», - деді Мәжіліс төрағасы.