22 қар, 2019 сағат 12:30

Кең ғимарат сұраған мүгедектер қауымдастығының мүшелері Алматы әкімдігіне жиналды

Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдар құрған «ЕРЗИ» қауымдастығының мүшелері әкімдік маңына жиналып, қала басшылығынан кең ғимарат табуға көмектесуін сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз әлеуметтік саланың мәселелерін шешумен айналысамыз. «ЕРЗИ» ұйымы – тірек-қимыл жүйесі істен шыққан мүмкіндігі шектеулі адамдарды мемлекеттік тапсырыс аясында тегін оңалтумен айналысатын жалғыз ұйым. 60-қа жуық ерікті жұмыс жасайды. Біздің ұйымға кең ғимарат керек. Қазір отырған бөлмеміздің кеңдігі 110-115 шаршы метр ғана. Бұл біздің мүмкіндігімізді толық пайдалануға кедергі келтіреді», - деді ҮЕҰ жетекшісі Ербол Игембергенов.

Оның айтуынша, оңалту орталығының кеңсесі Желтоқсан, 110 мекенжайында орналасқан. Ғимараттың қалған қабаттары бос тұр.

Әкімдік бірнеше жылдан бері сол бос бөлмелерді ұйымға сенімді басқаруға беретініне уәде беріп келген.

«Біз өз қаржымызға жылу жүйесін орнаттық. Құбырды ауыстырдық. Бұған көп қаражат жұмсалды», - деді Ербол Игембергенов.

ҮЕҰ өкілдерімен қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Мұқажанова кездесті. Ол бұл мәселе жақын арада шешімін табатынына сендірді.

«Бюджеттік кодекске сәйкес, үкіметтік емес ұйымдардың ғимаратына бюджеттен қаражат бөлінбейді. Бірақ, қазір мәселенің шешімін іздестіріп жатырмыз, келіссөздер жүргізілуде», - деді Айнұр Мұқажанова.

«ЕРЗИ» мүмкіндігі шектеулі адамдар қауымдастығы 2015 жылы құрылған.