10 нау, 2020 сағат 18:22

Келесте көпбалалы отбасы АӘК қаржысына бөдене өсіріп, табыс тауып отыр

Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылының тұрғыны Әйгерім Әлімбекова атаулы әлеуметтік көмектің арқасында кәсібін дөңгелентіп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Түркістан облысы Келес ауданында тұратын 5 баланың анасы Әйгерім Әлімбекова былтыр атаулы әлеуметтік көмектің арқасында 1 млн 389 мың теңге көлемінде қаржы алған. Оған үй ауласынан құс шаруашалығын ашқан. Бүгінде үйелмен 100 бөдене мен 50 тауық асырап отыр. Бұдан бөлек, биыл тағы да 100 бас балапан бастырып жатыр екен.

«Атаулы әлеуметтік көмектің шарапаты мол болды. Бала-шағамыздың несібесіне үкімет қарасып, мол қаржы берді. Соның шашауын шығармай, күйеуім екеуміз жеке кәсіп ашуды ойластырдық. Бүгінде тұрмысымыз жақсы, табысымыз да жыл санап молайып келеді. Ендігі арманым – құс шаруашылығын ұлғайтып, құс басын 500 данаға жеткізу», – дейді Әйгерім Әлімбекова.

Абай ауылында бөдене жұмыртқасына сұраныс молъ. Әсіресе, базардағы сауда дүкендері мен асханалар тапсырысты көп беретін көрінеді. 

Бірақ, Әйгерім Әлімбекова құс өсірудің өзіндік қиындықтары бар екенін де жасырмады. Арнайы тауық қораның да қажеттілігі туындапты. 

Алдағы уақытта ол үй ауласынан арнайы қора салып, құс санын 1000-ға жеткіземін деп отыр.