07 жел, 2017 сағат 11:05

Келесі жылы Астананың қай бөліктеріндегі үйлерге газ беріледі?..

Елордалық әкімдікте өткен мәслихат барысында Астананы кезең-кезеңімен газға көшіру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.

Қаланың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаевтың айтуынша, ол басқаратын ведомство «Астана қаласында қоршаған ортаны жақсартудың 2017-2018 жылдарға арналған кешенді шаралар жоспары» жобасын іске асыруға кірісіп кеткен.

«Ведомсто «Global Gaz Group» ЖШС компаниясының топтары арқылы жеке тұрғын үй секторы және үлкен ғимараттарға кезең-кезеңімен газ беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алғашқы тұтынушылардың бірі – Назарбаев университеті. Оған «Тұран» станциясынан (сағатына 10 мың куб) төмендетілген табиғи газ беріле бастады. Сондай-ақ, Ғарыш орталығы мен Қорғаныс министрлігінің академиясына да газ жеткізу жұмыстары аяқталды. 2018 жылдың соңына дейін газ тасымалдайтын «Телман» екінші станциясы іске қосылады. Ол Пригородный, Тельман тұрғын үй алаптарын және «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайына газ береді», - деді Танабаев.

Оның ақпаратына сәйкес, жекеменшік сектор тұрғындары үйді жылыту үшін тек көмір ғана емес, көлік доңғалақтарын, резиналарды және тағы басқа зиянды материалды отын ретінде пайдаланады. Қоршаған ортаға залал келтіретін осындай фактілерді анықтау үшін қазір мүдделі мемлекеттік орган өкілдерінен құралған мобильді топтар құрылды.

«Бұл Астана қаласын абаттандыру қағидаларының 15-тармағын бұзу болып есептеледі», - деп ескертті басқарма басшысы.