© Sputnik / Владислав Воднев
Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметтің инфляцияға қатысты болжамы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Өздеріңіз білесіздер, ұлттық банк инфляция деңгейін төмендету үшін өзінің базалық ставкасын 16 процентке дейін ұлғайтты. Келесі жылдың басында инфляция деңгейі мен макроэкономикалық жағдай тұрақталады деп санаймыз", - деді Смайылов Сенаттың отырысынан кейінгі брифингте.
Осы орайда Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының үстемесін 15 проценттен асырмау міндеті қойылғанын еске салды. Осы саладағы бақылау шаралары жалғаса береді.
Айта кетері, Қазақстанда инфляцияның жылдық көрсеткіші 19%-ға жуықтады, ал өнім бағасы 23,2%-ға өсті.
"Келесі жылы инфляция деңгейі 7,5-9,5 процент болады деп жоспарлап отырмыз. Ал одан кейінгі жылдары 4-5 процентке түсуі керек. Біз осындай мақсат қоюымыз керек. Сосын қолда бар шараларды пайдаланып, оған жетуіміз шарт", - деп атап өтті Смайылов.