11 қар, 2021 сағат 15:26

KEGOC елдегі энергия тапшылығы жағдайына түсініктеме берді


Майнинг-фермалар өз қызметін елдің энергетикалық қауіпсіздігіне зиян келтірмей жүргізуі керек. «KEGOC» акционерлік қоғамының ресми сайтында елдегі электр энергиясының тапшылығы туралы алып-қашпа әңгімелерге қатысты ресми мәлімдеме жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейінгі кезде БАҚ-та Қазақстанның энергия жүйесіндегі жағдай бойынша түрлі материалдар, оның ішінде қате ақпараты бар материалдар жарияланып жатыр. Қазақстан Республикасы біртұтас электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы «KEGOC» АҚ осыған байланысты келесіні хабарлайды», - делінген ресми мәлімдемеде.

Акционерлік қоғамның сайтындағы мәліметке сүйенсек, 10 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда электр қуатын тұтыну көлемі 14 838 МВт, өндіру көлемі 14 265 МВт болған. Яғни, тапшылық 573 МВт болып отыр. Оның орны Ресей Федерациясының энергия жүйесінен келетін ағындармен толтырылған.

«Жыл басынан бері көмір электр станцияларындағы электр өндіру көлемі 66,9 млрд кВт/cағат болған. Бұл елде өндірілетін бүкіл электр энергиясының 69%-ы деген сөз. Газ электр станциялары 18,9 млрд кВт/cағат немесе 19,5%, су электр станциялары 7,4 млрд кВт/cағат немесе 8%, жел электр кешендері 3,6 млрд кВт/cағат (шамамен 3,5%) өндірді. 27 қарашада Екібастұз ГРЭС-2 нысанындағы қуаты 500 МВт болатын №2 энергетикалық блокта жөндеу жұмыстары аяқталады. 11 қарашада Екібастұз ГРЭС-1 нысанындағы қуаты 500 МВт болатын №7 энергоблокта жоспарлы жөндеу аяқталды. «ЕЭК» АҚ электр станциясындағы №4 блок та жоспарлы жөндеуде тұр. Ондағы турбина мен бір қазандық 12 қарашада жөнделіп бітеді», - деп жазылған компанияның ресми сайтында.

Компанияның есебі бойынша, аталған нысандардың желіге қосылуы елдегі электр энергиясын өндіру мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.

«8 қарашада Мойнақ су электр станциясына судың қажетті деңгейі жинақталып, қосымша 300 МВт қуат іске қосылды. Бұдан бөлек жалпы жиынтық қуаты 1150 МВт болатын дергілікті көздер авариялық жөндеуде тұр», - делінген ресми мәлімдемеде.

«Қараша айынан бастап «Шығысэнерготрейд» ЖШС, «Севказэнерго» АҚ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС, «Энергопоток» ЖШС сияқты жергілікті компанияларда электр ажыратылса, бұл ақаудың желілерді келісімшарттан тыс пайдаланудан туындағанын хабарлаймыз. Келісімшарттан тыс пайдалануды шектеу үшін ҚР Үкіметімен бірлесіп, жүйелі шаралар қабылдануда. 11 қарашадағы жағдай бойынша Жамбыл ГРЭС-інде қуаты 200 МВт болатын қосымша энергия блогы іске қосылды», - деп жазады компанияның сайты.

Сондай-ақ, ресми мәлімдемеде тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін Ресей Федерациясынан электр импортталып жатқаны айтылған.

«Заңнама талаптары бойынша, майнинг-фермалар өз қызметін елдің энергетикалық қауіпсіздігіне зиян келтірместен жүзеге асыруы керек. Тіпті сол үшін импортталған электр энергиясын да сатып алуы қажет. «Көлеңкедегі» майнинг-фермаларды анықтау үшін сала субъектілеріне қойылатын талаптарды нормативтік-құқықтық базамен бекіту керек. Біздің бағалауымыз бойынша, тіркелген майнинг-фермалар шамамен 600 МВт электр энергиясын тұтынып отыр. Ал «көлеңкедегі» майнинг-фермалардың қажеттілігі 300-400 МВт болады. Күз-қыс маусымында ең жоғары жүктеме 17 000 МВт болуы мүмкін. Ал елдегі энергия генерациялау жүйесінің мүмкіндігі 16 540 МВт болады деп күтілуде. 540 МВт тапшылық Ресейден келетін импорт есебінен өтеледі», - делінген ресми мәліметте.