25 қаң, 2021 сағат 12:44

ҚДБ биыл «жасыл» энергетика саласындағы жаңа жобаларды қаржыландырады

Қазақстанның Даму банкі 2021 жылы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жаңа жобаларды қаржыландыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы банк төрағасының орынбасары Думан Әубәкіров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Банк қазірдің өзінде баламалы энергия көздері бойынша бірнеше кезеңдегі жобаларды жүзеге асыруда. Биыл Алматы облысында Каскад су электр стансасының, Қарағанды облысында, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының шекарасында орналасқан күн электр стансасының жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар жел электр станциясын салынады», - деді Думан Әубәкіров ОКҚ-дағы онлайн брифинг барысында. 

Оның айтуынша, жобалардың өндірістік қуаты 200 МВт-қа жоспарланған. Сонымен бірге жобалардың жалпы сомасы шамамен 80 млрд теңгеге жетеді. 

«Бұл - біз мақұлдауды және қаржыландыруды жоспарлап отырған жобалар. Егер валюта туралы айтар болсақ, онда Қазақстанның Даму банкі инфрақұрылымдық жобаларды тек теңгемен қарастырады», - деп атап өтті Думан Әубәкіров.