27 мау, 2022 сағат 14:40

«ҚазТрансГаз Аймаққа» 5 млн теңгеден астам айыппұл салынды


Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на 5 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 166-бабының екінші бөлігі бойынша инвестициялық бағдарламаны іске асыруға қолданылмаған соманың он пайызы көлемінде, сомасы 5 340 143 теңгені құрайтын айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тауарлық газды іске асыру саласындағы қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі бола тұра шекті бағаларда ескерілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындауға міндетті болған. Алайда қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып, мекеме 2021 жылға тауарлық газды көтерме іске асыру қызметі бойынша бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамаған.