"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның Шымкент өндірістік филиалына қатысты тексеру қорытындысы бойынша ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша 4 әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Хаттамалар табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген міндеттерді орындамағаны үшін толтырылды, онда "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның Шымкент өндірісітік филиалы берілген техникалық шарттарға сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталғаны туралы ақпарат алып, заңнамада белгіленген мерзімдерде реттеліп көрсетілетін қызметке қосуды жүзеге асырмады, бұл өз кезегінде "Табиғи монополиялар туралы" Заңының 24 және 26-баптарын өрескел бұзу болып табылады", – деп жазылған хабарламада.
Аталған әкімшілік істерді Шымкент қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап, шешім шығарған.
"Сот шешімімен "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның Шымкент өндірісітік филиалы жалпы сомасы 18 378 000 теңгеге әкімшілік айыппұл салынуымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – дейді ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті.