22 қаз, 2020 сағат 12:11

ҚАЗТЕСТ жүйесін қоғамның әртүрлі саласында енгізу қажет – Жамалаил Элимханов

Жұмысқа тұру барысында міндетті түрде мемлекеттік тілді білу деңгейі ескерілуі тиіс. Бұл туралы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумында Ақтау қаласындағы «Емир-Ойл» ЖШС директоры Жамалаил Элимханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Маңғыстауда орыс тілін жетік меңгерген қазақ басқа этнос өкілін көрген бетте әңгімені алдымен қазақ тілінде бастайды. Өзге ұлт өкілі орысша жауап бергеннің өзінде де, қазақ тілін түсінеді деген сөз. Сол себепті менің жерлестерім әңгімені әрі қарай қазақша жалғастырады. Осылайша ол өзге этнос өкіліне қазақ тілін үйренуге түрткі болады. Біз, қазақ халқы және өзге этнос өкілдері, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жандарға осылай көмектесуіміз керек. Олармен қазақша сөйлесейік Бұл олардың тіл үйренуге зор ынтасын тудырады деп сенемін», - дейді Жамалаил Элимханов. 

Ол бүгінгі күні қазақ тілін үйренгісі келетін адам үшін барлық жағдай жасалғандығы туралы айтты.

«Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың ҚАЗТЕСТ жүйесін қоғамның әртүрлі саласында енгізу қажет. Жұмысқа тұру барысында міндетті түрде мемлекеттік тілді білу деңгейі ескерілуі тиіс. Мемлекеттік тілді білмейтін қызметкер қанша жерден мықты маман болса да, мемлекеттік қызмет атқаруға қақысы жоқ деп есептеймін. Мен өзім қазақ тілін 25 жасымда ғана үйрене бастадым. Егер мен қазақ тілін үйреніп алсам, онда кез-келген адам да меңгере алады деген сөз», - дейді ол.