"ҚазТемірТранс" қостанайлық филиалының директоры пара алды деген айыппен сотталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"3 қазанда Қостанай қаласының №2 соты "Қазтеміртранс" АҚ Қостанай филиалының директоры Б. Ұсабеков пен "Вадиса М" ЖШС директоры С. Таировқа қатысты айыптау үкімін шығарды. Олар жүк вагондарын кедергісіз және жедел жеткізгені үшін пара алған әрі берген деп айыпталды", - делінген хабарламада.
Сот үкімімен Ұсабековке орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ал Таировқа пара беру дерегі бойынша параның жиырма еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл тағайындалған. Бұл сома 24 миллион теңгені құрайды.
Сонымен қатар, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.