19 қаз, 2018 сағат 08:19

Қазпошталықтар 2500 түп терек отырғызды

«Қазпошта» АҚ қызметкерлері 25 жылдыққа орай 2500 ағаш отырғызды. Бұл теректер еліміздің түкпір-түкпіріне егілді.

«Біз күн сайын қызметтеріміздің сапасын жақсартуға жұмыс жасаймыз және тұтынушыларға арналған жаңа қызметтерді іске қосамыз. Бүгін біз әр қаланың тұрғындарына арнап, мамыргүл, қайың, үйеңкі аллеяларын сыйға тарту арқылы елімізді көгалдандыруға өз үлесімізді қосайық деп шештік», - деді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сарсенов.

Оның айтуынша, бұл аллеяны Қазпошта назарынан тыс қалдырмайтын болады.

«Бүгін бүкіләлемдік пошта күні. Біз ұжымдастарымызбен біріге отырып, еліміз бойынша ағаш еккенді жөн көрдік. Осыған орай республика аумағындағы әрбір ауданда біздің қызметкерлер тал егуде. Биыл Қашпоштаға 25 жыл толды, соған сәйкес еліміз бойынша 2500 терек егеміз деп шештік», – деді С. Сәрсенов.

Сондай-ақ, Астанадағы «Президенттік саябаққа» тал егуге келген пошта қызметкері өз ойымен бөлісіп, бұл іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

«Алған әсерім керемет. Тал егу ауаны тазартады. Қаламызға көрік береді. Біз балаларымызбен саябақта серуендегенді ұнатамыз. Бүгінгі күн Қазпошта үшін ерекше күн. Есте қалатын оқиға десек те болады. Бұл біздің қызметкерлеріміздің қаланың дамуына, экологияға қосып жатқан үлесі. Тұрғындар мұнда келіп, серуендейтін болады. Өзім де бала-шағаммен келіп демалып тұратын боламын», – дейді Қазпошта АҚ Ішкі байланыс департаментінің бас менеджері Бибігүл Аденова.

Еске сала кетейік,  биыл Қазпошта өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы кезеңде компания біршама жолды жүріп өтті: пошта байланысы бөлімшелерінің бөлшек сауда желісіне негізделген пошталық жинақ жүйесі құрылды, жеке процессингтік орталығын ашты, төлем карталарын іске қосуды ретке келтірді, пошта бөлімшелерін жаңалады, сәлемдемелер супермаркеттерін, поштаматтарды және цифрлық кеңселерді ашты, сәлемдемелерді қадағалауды және сұрыптауды автоматтандырды, серіктестермен жұмыс істеудің сервистік үлгісін ұсынды.