Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің кезекті отырысында «Қазпочта» АҚ активтерін басқару тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындылары қаралды. Бұл жайында Есеп комитетінің ресми сайты хабарлады.
Отырысқа бейнеконференция режимінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, «Қазпочта» АҚ өкілдері қатысты.
«Қазпочта» АҚ - ұлттық пошта операторы.
Қоғам елдегі 3024 өндірістік объектісі бар ең үлкен филиалдық желіге иелік етеді, оның ішінде орталық операциялық учаскілер – 187, пошта байланысының стационарлық бөлімшесі – 2 026, пошта байланысының пункттері – 508, пошта байланысың жылжымалы бөлімшесі - 106, төлемдерді қабылдау пунктері – 197.
Қазіргі заманғы пошта байланысы ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосады және ауылдық жерлерде неғұрлым қажетті әлеуметтік маңызы бар қызметтерді көрсетуде экономикалық және әлеуметтік жүктемені алып жүреді.
Бұдан басқа, 2018 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге жүргізілген аудит қорытындылары бойынша бірқатар анықталған проблемалар бар.
Атап айтқанда, «Қазпочта» АҚ қызметтің түйінді стратегиялық көрсеткіштерін орындамаған. Мәселен, 2018 жылы ҚТК 29% (7 көрсеткіштің 2), 2019 жылы 72% (7 көрсеткіштің 5) және 2020 жылы қызметтің түйінді көрсеткіштерінің 86% (7 көрсеткіштің 6) қол жеткізілмеген.
Соңғы 3 жылда «Қазпочта» АҚ Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісінде жүйелі түрде төмен түсуде (2017 жылы - 46 орын, 2018 жылы – 49 орын, 2019 жылы – 52 орын).
«Қазпочта» АҚ-ның рейтингтегі төмендеу қарқынын ескере отырып, Дүниежүзілік пошта одағының нұсқасы бойынша 20 жетекші пошта компанияларының қатарына кіру қойылған мақсатына қол жеткізе алмау тәуекелі бар.
2017 жылдан бастап «Қазпочта» АҚ-ның ауылдық жерде байланыстың әмбебап қызметтерін көрсетуден болған шығындары субсидиялануда.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазпочта» АҚ-ның пайдасына негізделмеген субсидиялар төлеуге әкеп соққан бұзушылықтарға жол берді. Осылайша, қалалық жерде жазылу бойынша мерзімді баспасөз басылымдарын тарату жөніндегі қызметтерді көрсету кезінде шығындар өтелген.
Түркістан қаласында бір жыл бұрын салынған және пайдалануға берілген құны 1 млрд. теңге болатын Цифрлық офис ғимараты қазіргі уақытта пайдаланылмайды.
Ғимарат толық дайын болмай және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкессіздікте пайдалануға қабылданды.
Мемлекеттік аудит нәтижесі бойынша 163,9 млн теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар, оның ішінде бухгалтерлік есептілік бойынша 0,6 млн теңге сомасына, тиімсіз жоспарлау - 678,3 млн теңге, тиімсіз пайдалану - 47,4 млн теңге, 6,9 млн теңге сомасына экономикалық шығындар, сондай-ақ 32 рәсімдік бұзушылық фактісі және 2 жүйелі жетіспеушілік анықталды.
Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру, активтерді басқарудың, бюджеттік субсидияларды басқару мен пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз ету бойынша тиісті ұсынымдар берді.
«Қазпочта» АҚ-на анықталған бұзушылықтарды жою, салалық заңнама талаптарын сақтауды қамтамасыз етпеген лауазымды тұлғалардың жауапкершігін қарау бойынша тапсырмалар берілді.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға 2 материал жіберілді.