Қазнет қолданушылары Шымкенттегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы дүрбелеңді талқылап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының қақпасы ашыла салып, адамдар жапа-тармағай есікке ұмтылғаны түсірілген видео пайда болды. Кезекке ұмтылған жұрт қоршаудан секіріп жатқаны көрінеді. Қолданушылар кадрлардағы көріністі "зомбилар" деп атаған.
"Азаматтарға арналған үкімет" оқиға Шымкенттегі №1 арнайы ХҚКО-да болғанын хабарлады. Оқиға нәтижесінде клиенттер тарапынан құқық бұзу деректері тіркелмеген. Сондай-ақ, мүлікке ешқандай зиян келмеген.
"Қазіргі уақытта онда кезек көп. Көпшілігі C1 санатына ("Газель" жүк) жүргізуші емтиханын тапсыруға келгендер. Себебі, қаладағы екі автодромның бірінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы ХҚО-ның өзі штаттық режимде жұмыс істеп, автокөліктерді қайта тіркеу және теориялық емтихан тапсыру қызметіне клиенттерді қабылдады.
Ақпанның аяғынан бастап автодром жұмысын жалғастырып, көлік жүргізудің барлық санаттары бойынша тұтынушыларды қабылдай бастады. Дегенмен, осы уақыт ішінде практикалық емтихан тапсыруға ниет білдірген азаматтардың қатары жиналып қалды", - деді мемлекеттік корпорация өкілдері.
Олардың айтуынша, бұл арнайы ХҚО-ға бір миллионға жуық тұрғыны бар Шымкент қаласының тұрғындарының ғана емес, екі миллионнан астам халқы бар бүкіл Түркістан облысының тұрғындарының жүгінуі жағдайды қиындатып отыр.
"Жағдайды ескере отырып, қазіргі уақытта арнайы ХҚО-ның жұмыс кестесі ұзартылды. 19, 20 және 23 наурызда бұл филиал әдеттегідей сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, С1 санатын алу үшін қосымша автокөлік бөлінді", - деп толықтырды "Азаматтарға арналған үкімет" АҚ өкілдері.
965 рет оқылды