Telegram мессенджерінде балалар жаппай ауырып, ата-аналары оларды COVID-19-ға қарсы егуге мәжбүр болуы үшін мектеп кабинеттері қауіпті химикаттармен өңделеді деген фейк тағы да таралуда. Бұл - жалған, деп хабарлайды Stopfake.kz сайты.
Хабарламаға мектеп кабинетін санитарлық өңдеу барысы көрсетілген бейнеролик тіркелген. Бұл кадрлардың қайда және қашан түсірілгенін анықтау мүмкін емес. Қоғамдық орындарды санитарлық өңдеумен айналысатын қазақстандықтардың киімі видеода көрсетілгеннен өзгеше.
Қазақстанда мектептерде улы заттар шашады деген қауесет – ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бірнеше рет теріске шығарған фейк.
– Қазақстанда мектептерді, ауруханаларды және басқа да қоғамдық орындарды дезинфекциялау үшін уытты емес және денсаулыққа қауіпсіз заттар пайдаланылады. Барлық құралдар сертификатталған, тізілімге енгізілген және қолдану бойынша нақты нұсқаулықтары бар, онда санитарлық өңдеуге арналған ерітінділерді дайындау пропорциялары көрсетілген», – деп мәлімдеді комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Сондай-ақ, ол Қазақстанда 12 жастан асқан жасөспірімдерді COVID-19-ға қарсы вакцинациялау ата-анасының немесе қамқоршыларының келісімімен ғана жүргізілетінін айтты.
Демек, Қазақстанда мектептерде улы химикаттар шашатыны туралы хабарламалар – фейк.
Бұған дейін Желі қолданушылары осындай ақпарат таратқан болатын. Онда 2021 қарашадан бастап мектеп оқушыларын улы газдармен улай бастайды делінген. Әлбетте, мұндай ештеңе болған жоқ.