Фото: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы құрылған байланыс тобының мамандары Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылармен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚМГ мамандарымен бірге келіссөзге «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС және «Ai-Bis» ЖШС (тендерде жеңіске жеткен компания) басшылығы да қатысады. Жұмысшыларға жалақыларын сақтай отырып, «Ai-Bis» ЖШС және «Кезби» ЖШС (мұнай сервис қызметтерін көрсетеді) компанияларына жұмысқа орналастыру ұсынылған.
«Жұмысшылар басқа компанияға ауысқан кезде олардың бұрынғы еңбек жағдайы, соның ішінде жалақы мөлшері мен әлеуметтік пакеті сақталуы керек. Тендер қорытындысы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ мердігері атанған компанияға осындай міндет қойып отырмыз. Алайда, құқықтық рәсімдерге сай әрекет ету керек, жұмысшылар мұны түсінуі қажет», - деп атап өтті ҚМГ аппаратының басшысы Ерхан Омаров келіссөз барысында.
«БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері «Өзенмұнайгазға» жұмысқа тұрғызуды талап етіп, ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартты.
Жиналған мұнайшыларға «Өзенмұнайгаз» АҚ штатына қабылданған құқықтық рәсімдерді айналып өтіп, жұмысқа орналасу жөніндегі талап заңсыз екені түсіндірілді. Бұл Жаңаөзендегі жұмыссыздарды кезек бойынша аталған мекемеге жұмысқа орналастыру тәртібіне қайшы келеді.
Бұл ережелер моноқала тұрғындарының талабына сай, жұмыс орындарын әділ бөлу үшін қабылданған болатын» - делінген компания хабарламасында.
Келіссөздер алдағы уақытта жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін Жаңаөзеннен келген жұмысшылар ҚР Энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналғаны хабарланған еді. Олар - ҚМГ-нің еншілес компаниясы «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін мұнай сервис қызметтерін көрсетуге арналған тендерде ұтылған «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері.