"ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаев ұлттық компанияда КҚК-дағы жағдайға байланысты мұнай жөнелту бойынша проблема жоқ екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Өздеріңіз де білесіздер, қазіргі уақытта Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) екі ВПУ-да жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, үшінші құрылғы қалыпты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, ҚМГ-да қазіргі уақытта мұнайды тасымалдауда ешқандай проблема жоқ. Тасымалдау қуаттары біздің қазіргі деңгейге сәйкес келеді және қазіргі өндіріс көлемін қанағаттандырады", - деді Қарабаев ұлттық компания брифингінде.
Бұл ретте ол ҚМГ мұнай экспортының ықтимал баламалы бағыттарының әртүрлі нұсқаларын зерттеп жатқанын атап өтті.
"Олардың бәрі (балама маршруттар) қазір әзірленіп жатыр. Біз егжей-тегжейін тағы хабарлаймыз", - деді Дәурен Қарабаев.
Спикердің айтуынша, ҚМГ-ның ірі жобалардағы үлесін ескере отырып, мұнай өндіру алты айда 10,7 миллион тонна мұнай болған, бұл былтырғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 0,3 пайызға артық.
Сондай-ақ, Қарабаевтың айтуынша, ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі 0,8 пайызға өсіп, 4,1 миллиард текше метр болған.