«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 2020 жылғы негізгі қаржылық көрсеткіштерін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚМГ үшін 2020 жыл күрделі кезеңге айналды. Дегенмен, компаниямыз барлық қиындықты еңсере білді. 2020 жылы ҚМГ қаржылық нәтижелеріне мұнай бағасының құлдырауы, ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіруді шектеу және коронавирус індеті сияқты факторлар едәуір ықпал етті. Бірақ сыртқы сын-тегеурінге қарсы тұру үшін дер кезінде қолға алынған іс-шаралар біз болжағаннан да жақсы көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік берді. ҚМГ бұл жолы мұнай бағасының төмендеуіне барынша дайын болып шықты. 2020 жылдың қорытындысы бойынша компания оң бос ақша ағынын қамтамасыз етіп, кредиттік рейтингтерді сақтай алды. Қаржылық ковенанттардың бұзылуына және қарыздың өсуіне жол берілмеді», - деді ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев.
Оның дерегінше, Түсім 2019 жылғы 6 859 млрд теңгемен салыстырғанда, 2020 жылы 4 556 млрд теңгені құрады. EBITDA көрсеткіші 1 151 млрд теңге болды. Компанияның таза пайдасы 172 млрд теңгеге жетті. Бос ақша ағыны 88 млрд теңгені құрады. 2020 жылғы 31 желтоқсанда компанияның таза қарызы 6 162 млн АҚШ долларға жетіп, 2019 жылдың соңындағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеді. Таза қарыз 2019 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 2020 жылғы 31 желтоқсанда 3,4 пайызға төмендеп, 9 690 млн АҚШ долларын құрады.