29 нау, 2022 сағат 22:20

«Қазмедиа орталығынан» өрт шықты


Елордадағы «Қазмедиа» орталығынан өрт шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Алдын ала деректер бойынша, күннің бұзылуына байланысты қатты жел тұрып, "Қазмедиа" ғимаратына электр қуатымен қамтамасыз ету жүйесіне су тиген. Жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр, шатыр ішінара зақымданған болуы мүмкін. Депода қосалқы станцияның тұтануы салдарынан сағат 20:15-те теле және радиоарналардың эфирлері тоқтатылды. Ғимараттың құлақтандыру жүйесі қосылған және барлық қызметкерді эвакуациялау бойынша шаралар қабылданды. Техникалық қызметтер апат салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр", - деп мәлімдеді "Қазмедиа" орталығының баспасөз қызметі.

Ал, төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бүгін сағат 20:41-де Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелері «Д.Қонаев көшесі, 4» мекенжайында орналасқан ғимаратқа шұғыл шақырту бойынша жеткен.

«Өрт сөндірушілер келгеннен кейін паркингтегі трансформатордың жанып жатқаны анықталды. Адамдар қауіпсіз жерге шықты. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 13 маманы мен 3 техникасы жұмыс істеуде», - деп атап өтеді министрліктен.

Одан бөлек, күн бұзылуына және өрт салдарынан техникалық ақауларға байланысты "Хабар 24" телеарнасы хабар таратуды уақытша тоқтағанын хабарлады.

Айта кетейік, Қазмедиа орталығы ғимаратында "Хабар", Qazaqstan, "Еуразия Бірінші арнасы" және тағы басқа республикалық мемлекеттік арналардың кеңсесі орналасқан.