«Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, Ғылыми-зерттеу және жобалау филиалы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасына сәйкес Ғылыми-реставрациялау және реставрациялық-қалпына келтіру жұмыстарын бағалау және нормаларын, жинағын, ережесін, әдістерін әзірлеу және бекіту жұмыстарын орындауда. Бұл Қазақстан Республикасындағы тұңғыш мәдениет және тарих ескерткіштерінде жүргізілетін ғылыми-реставрациялау жұмыстарын Нормативті бағалау болып табылады.
Еліміздегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны жағынан ТМД елдері арасында алғашқы бестікке енетіндігімізді есепке алсақ, олардың әрбіріне өз уақытымен қайта жаңғырту жұмыстары үшін нормативті бағалау құжаттарын түзу жауапкершілігі мол, өте үлкен ауқымды жұмыс. Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, өзге де әлемге әйгілі, құндылығы жоғары тарих және мәдениет ескерткіштері елімізде орын тепкен Қазақстан үшін осындай ауқымды іс-шараны өткізу рухани жаңғыру жолындағы басты міндет.
Алғаш рет қолға алынып отырған Республикалық маңызы бар мәдениет және тарих ескерткіштеріне жүргізілетін ғылыми-реставрациялау жұмыстары және нормативті бағалау құжаттарының дайындалу барысының алғашқы конференциясы Алматы қаласында 2017 жылғы 15 желтоқсанда өткізілгелі отыр. Конференцияға Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан мемлекеттерінен мамандар шақырылуда. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінен өкілдері және қайта жаңғырту жұмыстарымен айналысатын ел аумағында орналасқан «Қазқайтажаңарту» РМК, Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ құрылыс және сәулет Ғылыми-зерттеу және жобалау институты, «KAZGOR» жобалау академиясы, «Күмбез» ЖШС, «Остров Крыма» ЖШС мекемелерінің өкілдері және осы сала мамандары қатысады.
Конференция аясында 14 желтоқсан күні ағымдағы жылы тарих және мәдениет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру жұмыстарына нормативті бағалау құжаттарын рәсімдеген Беларусь мемлекеті мамандарымен кеңесу, пікір алмасу өтеді.
Конференция 15 желтоқсан күні сағат 9:00-18:00 аралығында өтеді.
Өтетін орны: «Алматы» қонақ үйі, Конференция зал, Қабанбай батыр көшесі, 85.