Елімізде студенттер үшін жатақханада 63 мыңнан астам орынды қамтамасыз ету керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Студенттік жатақханаларды салу және жаңғыртуға тоқталсақ, 2018 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Бес әлеуметтік бастамасын жариялаған болатын, солардың бірі студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған. Осы міндетке қол жеткізу үшін жекеменшік сектордың ауқымды қатысуын көздейтін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі әзірленді. Біз инвесторларды, жеке кәсіпкерлерді мемлекеттің қаржылық қолдауымен студенттік жатақханалар құрылысына қаржы салуға шақырамыз. Бұл процеске кезекті әлеуметтік нысанды тұрғызу ретінде емес, табысты, тұрақты және келешегі мол бизнес-жоба ретінде әлдеқайда ауқымды қарауды ұсынамын. Әрі осылай айтуға барлық алғышарттар бар», - деді А. Ибраимов.
Оның айтуынша, бұл тұрғыда жоғары сұраныс байқалып отыр. Өйткені, қазіргі кезде елімізде 63 мыңға жуық студент жатақханадағы орынға мұқтаж. Бұл мегаполистерден бастап облыстық маңызы бар қалаларға дейінгі еліміздің барлық өңірлеріне тән қажеттілік. Алдағы уақытта студенттер контингенті өсетін болады. Әлбетте, бұл жағдай студенттік жатақханаларға деген сұраныстың артуына әсер етеді.