10 ақп, 2022 сағат 13:24

Қазір Сырдариядағы мәселені реттемесек, ертең кеш болады - Мұрат Бақтиярұлы


Арал-Сырдария бассейнінің мемлекеттері тарапынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу бойынша қабылдаған халықаралық шарттар мен міндеттемелер орындалмайды. Бұл мәселені тез арада шешу үшін Премьер-Министр Әлихан Смайловтың атына жолдаған сауалында сенатор Мұрат Бақтиярұлы тиісті ұсыныстарды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың ақпараты бойынша, Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуінің бұзылуына байланысты соңғы жылдары Қызылорда облысында су тапшылығының өте күрделі проблемасы қалыптасты. Өткен жылы Шардара су қоймасына келісілген су көлемінің 57% - ы ғана келіп түсті. Биыл жағдай одан да күрделі болатыны қазір түсінікті. 

«Мысалы, қазіргі кезде Кіші Аралдың су көлемі 2015 жылға қарағанда бес милллиард кубқа азайып, жағалаудан 20 метрге дейін тартылып кетті. Облыс көлеміндегі 200-ден астам көлдің 14–і толығымен тартылып, қалғандарының суы 50 пайызға дейін азайды», - деп атап өтті депутат. 

Мұрат Бақтиярұлы облыс халқының негізгі бөлігі Сырдария өзенінде тұратынын және олардың табыстары өзен экожүйесімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты, облыс тұрғындары қалыптасқан жағдайдың нашарлауына қатты алаңдайды, сондықтан сенатор мемлекетаралық деңгейде су жеткізу мәселесін жедел шешуді өте маңызды деп санайды. 

«Үкімет басшысы ретінде су саясатын мықтап қолға алмасаңыз, ертең кеш болады. Тиісті министрлік деңгейінде бұл мәселе шешілмейді. Ол үшін трансшекаралық су мәселелерінде Қазақстанның мүддесін бермеуіміз керек. Сондықтан су сағасында орналасқан елдерден судың мемлекетаралық келісімге сәйкес мөлшерін мемлекеттік деңгейде шешудің жолдарын тез арада қарастыру қажет. Ортақ су пайдалану мәселесін тиімді шешу үшін ол елдерге қатысты экономикалық тетіктерді де пайдаланған дұрыс деп есептейміз», - деді сенатор. 

Сондай-ақ, Мұрат Бақтиярұлы өңірдегі пайдалы қазбаларды өндіру деңгейін төмендетуге, газбен қамтамасыз етуге және басқа да мәселеге байланысты негізгі проблемаларды атап өтті.