Облыстық экология департаменті «ҚазАзот» АҚ қоршаған ортаға 13 837 169 теңге көлемінде шығын келтірді деп санайды. Сот шешімімен мекемеге 1 742 029 теңге әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы МО Экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов мәлімдеді. Оның айтуынша, ҚОС-1 және Қошқар ата қалдық көлін қосатын су арнасынан жағымсыз иіс шығып, тұрғындар экология департаментіне шағым түсірген. Аталған канал қаланың төменгі бөлігінен тазартылған кәріздік суды ағызуға арналған. Маусым айынан бастап мамандар зертханалық тексерулер жүргізген. Тиісті сынамалар алған. Нәтижесінде аммиактың шекті рұқсат етілген концентрациясынан едәуір асып түскені көрсетілген. Ауадан да осындай химиялық иіс таралған. Анықтай келе, каналға басқа құбырдан сарқынды су төгілгені белгілі болды.
«Ағынды судың қайдан құйылғанын анықтау үшін, көлемі 20 га жер бедері 0,5 м-ден кейін ТС-407 электронды тахеометрінің көмегімен көлденең қимасымен М 1:500 топографиялық түсірілім жүргізілді, ал инженерлік коммуникациялар жер асты құбыр және кабельдерді анықтайтын rd-4000 іздеуші құралы арқылы тексерілді. Нәтижесінде сарқынды сулар төгілген құбыр »ҚазАзот«АҚ-ға жататыны анықталды (жобаға сәйкес құбыр тек қана жер асты суларын ағызуға арналған)»,-дейді Руслан Төкенов.
Осыған байланысты, экология департаменті «ҚазАзот»АҚ-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген. Белгіленген тексеру нәтижелері бойынша өндірістік-сарқынды сулар ағызылған.
«Департаментпен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 324, 325, 328 және 332-баптары бойынша 4 әкімшілік іс қозғалып, осы экологиялық құқық бұзушылықтар сот шешімдерімен дәлелденді. Сот органымен жалпы сомасы 1 742 029 теңгеге әкімшілік жаза қолданылды, ал экология департаменті ұсынған жалпы шығын сомасы 13 837 169 теңгені құрады. Қазіргі уақытта Департамент өндірістік сарқынды суларды ағызуды, тиісінше осы өндірістік сарқынды сулар төгілген жалғанған құбырды бөлшектеу туралы сотқа талап арыз дайындайды»,-дейді сала басшысы.