"ҚазАвтоЖол" және "Казахавтодор" бірыңғай жол компаниясына біріктірілді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
"Биыл шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «ҚазАвтоЖол» мен «Казахавтодорды» біріктіріп, біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырған болатын.
Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған екі жол операторын біріктіру бойынша Үкімет қаулысының жобасын дайындады. Жобада «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы «Казахавтодор» ЖШС-дағы мемлекеттік үлесті сатып алу жолымен ұлттық компанияны Бірыңғай автожол операторы ретінде қайта құру қарастырылды. Атап айтқанда, аталған компаниялардың облыстық филиалдарының әкімшілік-басқару персоналын қысқарту жолымен біріктіру және қайталанатын функцияларды қысқарту" - делінген хабарламада.
Осылайша, қазіргі таңда «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодор» бірыңғай жол компаниясына біріктірілген.
"Қолға алынған шаралар республикалық маңызы бар жолдарды тәулік бойы күтіп ұстауды қамтамасыз етуде жедел әрі нақты шешім қабылдауға үлкен септігін тигізбек" - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.
«Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді», – деген еді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.