Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Ақмола облыстық филиалы тендер өткізбей, 2,3 миллиард теңгеге мәміле жасаған. Заңбұзушылықты Көкшетау көлік прокуратурасы анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-ның Ақмола облыстық филиалы Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің апатты жағдайда тұрғанын желеу етіп, конкурс өткізбестен заңсыз шарт жасасқан.
Осы мәміле бойынша 2,3 млрд теңгеге республикалық маңызы бар "Жақсы-Есіл-Бұзылық" автожолына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа көпір салу жоспарланған.
"Алайда көпір шұғыл араласуды қажет ететін жағдайда болмаған. Бәсекелестік процедураларды өткізуге кедергі келтіретін басқа да күш пен технологиялық бұзушылықтар анықталмады", - делінген ведомство хабарламасында.
Бекітілген келісім аясында филиал мердігердің шотына 200 млн теңге аванс аударған, алайда жұмыс мүлде басталмаған.
Осы жағдайлардың барлығы аудиторлардың 2022 жылғы 13 желтоқсандағы қорытындысымен расталған. Бірақ мердігер онымен келіспей, сотқа шағымданған.
"Сот 30 мамырда істі қарау нәтижесінде ішкі аудиттің қорытындысын (есебін) жарамсыз деп тану туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты. Сот актісі 2023 жылғы 23 тамызда күшіне енді.
Филиалдың лауазымды тұлғаларының әрекетіне құқықтық баға беру үшін Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша, бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін иемденгені үшін сотқа дейінгі тергеу басталды" - делінген хабарламада.