ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев таяуда Ақтөбе облысында тасыған су республикалық маңызы бар жолды шайып кету жағдайына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Иә, Ақтөбедегі жағдаймен таныспыз. Бір айта кетерлігі, су жарып кеткен жол сол қайта жөндеуден өтіп жатыр. Яғни аталған тасжол әлі пайдалануға берілмеген. Қазір тасжолды жөндеудің жобалық-сметалық жоспарын өзгертіп, құбырларын ауыстырып жатырмыз. Алдағы уақытта төтенше жағдай қайталанбайды деген ойдамыз. Жалпы байқам бойынша соңғы жылдары Ақтөбе облысында мұндай көлемдегі ірі көлемде су тасқыны болмаған», - деп жауап қатты Мейірхат Қасымбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, осы көктемде Ақтөбе облысы аумағында 3 жол учаскесін су шайып кетті.
«Қазіргі уақытша су басқан жол учаскелері қайта жөндеуден өтіп жатырғанын еске саламын. Яғни қолданыстағы жолдар емес. Сонымен қатар жаңадан салынған және жөндеуден өткен тасжолдың сапасына алғашқы 5 жыл мердігер компания жауапты», - дейді ол.