16 нау, 2022 сағат 18:50

«Қазатомөнеркәсіп» өткен жылы 220 млрд теңге табыс тапты


«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мәжит Шәріпов 2021 жылдың негізгі көрсеткіштерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі құбылмалы жағдайға қарамастан 2021 жылы Қазатомөнеркәсіп жақсы нәтиже көрсетті. 2021 жылы шоғырландырылған түсім 2020 жылмен салыстырғанда 18%-ға ұлғайып, 691 млрд теңгені құрады. Бұл негізінен спот бағасының өсуіне және теңгенің АҚШ долларына қатысты әлсіреуіне байланысты сатудың орташа бағасының өсуі есебінен және өткен жылмен салыстырғанда сату көлемінің аздап ұлғаюына байланысты болды», - деді Шәріпов компанияның 2021 жылғы жұмыс қорытындылары туралы баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, 2021 жылы таза пайда 2020 жылмен салыстырғанда 10%-ға ұлғайып, 220 млрд теңгені құраған. 

Уран өндірісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға ұлғайып, 100 пайыздық негізде 21 819 тоннаға жеткен. 

2021 жылы пандемия бүкіл өндіріс тізбегіне әсер етіп, бұл негізгі материалдар мен жабдықтардың жетіспеуіне әкеп соқты. 

Сондай-ақ кен орындарын игеру мен өндіру кестелеріне тиген теріс әсерден 2021 жылға арналған болжамдарға қатысты көрсеткіштер төмендеген.

«2021 жылы шоғырландырылған сату көлемі 2020 жылғы көлемге ұқсас болды. Уранның споттық бағасының өсуі және теңгенің АҚШ долларына қатысты әлсіреуі арқылы топтың орташа сату бағасы 2021 жылы 1 килограмм үшін 36 677 теңгені (бір фунт үшін 33,11 АҚШ долларын) құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 16%-ға жоғары», - деді Шәріпов.