Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі Жолдауында елдегі үш ауысымды мектеп мәселесін шешуді тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Бала қауіпсіздігінің маңыздылығын ескере отырып, елдегі мектептер мен балабақшаларды 100% бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауды, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да шаралар қабылдауды тапсырамын. Ол жақта балалар жарақат алып жатыр, биіктіктен құлап жатыр. Баланың аты – бала. Бірдеңе істеу керек», - деді Елбасы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы күні бүгінге дейін елімізде мектеп тапшылығы бар екенін де айтты.
«Мектеп тапшылығы, үш ауысымды мектеп әлі де бар. Сондықтан, 2019-2021 жылдары осы мақсаттарға тағы 50 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Әлгі масқаралы үш ауысымды мектептер мәселесін шешу қажет», - деді Президент.
Назарбаев қазіргі уақытта 28 мектеп салу үшін қаражат бөлінгенін, алайда ол шағын жинақты мектептер екенін сынады.
«Қазақстанда 1360 мектеп жабылғанын білесіздер ме? Себебі, ол жақта халық тұрмайды, көшіп кеткен. Адамдар тұрмайтын жерде мектеп пен аурухана салудың не қажеті бар? Одан да сол адамдардың көшуіне қол ұшын созыңдар. Баспана мәселесін шешіп беріңдер», - деп тапсырды Мемлекет басшысы.