03 нау, 2020 сағат 10:40

«Қазан» және «Қара касса» ойындары: СҚО-да қылмыстық істер қозғалды

Солтүсік Қазақстан облысында полицейлер «Қазан» және «Қара касса» қаржы ойындары бойынша екі қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық полиция басқармасына WhatsApp тобына кіріп, ойынға қосылу үшін 14 мың 300 теңгесін берген әйелден арыз түсті. 60 жастағы тұрғын осылайша қосымша табыс таппақ болған.

Естеріңізге салайық, «Қазан», «Қара касса» қаржы ойындары Қазақстанда ақпан айында мессенджерлерде басталған еді. Оның талабы бойынша, ойынға қатысу үшін 14 мың 300 теңге төлем жасап, өзімен бірге екі адамды тарту қажет. Олар да кассаға сонша ақша салуы тиіс.

Арызданушы әйелдің айтуынша, чатқа шақырған топтың әкімгері қажетті қатысушыны жинағаннан кейін өзі шығып кеткен. Қалғандары уәде етілген ақшаны ақырында ала алмаған.

Көкшетау қаласының тұрғыны да Петропавлда тұратын бойжеткенге сеніп қалған. Бұл оқиға бойынша да «Алаяқтық» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Күмәнді көрінсе, әрі ақша салу қажет болса, сол ақшаңызды кейін көрмеуіңіз мүмкін екенін түсінуіңіз қажет. Оңай жолмен ақша таппақ болғандар алаяқтардың құрбанына айналуда. Тек ақшаңыздан айрылып қоймай, күдіктілердің санатына да енуіңіз мүмкін. Полиция қызметкерлері бұған дейін айтқандай, бұл екі ойында қаржы пирамидасының белгілері бар», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин.

Мамандардың айтуынша, мұндай қаржы ойындарында алғашқылардың бірі болып тіркелгендер ғана пайда көреді. Қалғандары салған ақшаларынан айырылулары мүмкін. Алайда, бұл туралы қанша айтылып, ескертілгенімен қаржы пирамидасына тіркеліп, оңай ақша тапқысы келетіндердің саны азаймай отыр.

Қаржы пирамидасын құрып, басқарғандарға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.