Фото:gov.kz
Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі.
Соның бір көрсеткіші елімізде өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырды. Мемлекет басшысы бұл шараны бабалар аманатын жас буынға табыстауды мақсат еткен жоба екенін айтты.
«Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі», - дейді Мемлекет басшысы.
Кешегі айтушы шара - ежелгі көшпенді халықтардың спорттық дәстүрлері мен мәдениетін дәріптеуге айтарлықтай үлес қосты. Біздің өткен өмірімізден сыр шертетін көшпенді халықтардың мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртып, халықаралық деңгейде елдің имиджін көтеруге оң ықпал етті.
Мемлекет басшысы осы сәтті тиімді пайдаланып, қазақ жерінен Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққанын, олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосқанын айтты.
Қазақ жерінде өтіп жатқан байрақты бәсеке «көшпенділер олимпиадасы» деген атаққа ие болды. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етіп, еліміздің мерейін одан сайын асқақтата түсті. Қазақтың ұлттық спорт түрлері біздің терең тарихымыздан сыр шертеді.
Ежелгі заманнан бері қалыптасқан көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату секілді спорт түрлері көшпенділердің өмір салтымен тікелей байланысты. Олардың жауынгерлік өнері, шыдамдылығы және ептілігі ұлттық спорт ойындарында көрініс тауып отыр. Осындай терең философиялық ойды ашылу салтанатындағы қойылымдарда жақсы көресете білген.
Президент айтқандай, Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал ел. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз.
Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек. Биылғы додаға Азия мен Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келді. Төрт құрлықтағы төрт мыңнан астам спортшының басын қосқан дүбірлі додада қатысушылар спорттың 20 түрінен бақ сынасты. Бес нысанда 110 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Расын айту керек, биылғы дода ерекше болды. Еске алып, бірнеше жыл айтып жүретін байрақты бәсекеге айналды десек қателеспейміз.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан топ бастады. Біздің спортшыларымыз 114 медальді қанжығасына байлады. Соның 44-і алтын, 33-і күміс, 37-і қола жүлде. Еліміздің атынан 21 спорт түрі бойынша 216 спортшы қатысты.
Жабылу салтанатында Халықаралық ұлттық спорт конфедерациясының басшысы Біләл Ердоған сөз сөйледі. Анадолыдан келген маман осындай әдемі сайыс ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты. Еліміздің ұлттық спорт түрлерін дамытудағы рөлін жоғары бағалады.
Сондай-ақ Анадолыдан келген мейман көшпенділер ойындары мәдени мұраға бай екенін дәлелдегенін жеткізді. Мұның элементтері ашылу салтанатында да, жабылу рәсімінде де көрініс тапқанын атап өтті.
Біләл Ердоған көшпенділер ойыны тек қана спорттық бәсеке емес, бауырластықты насихаттайтынына назар аударды. Сөз соңында осындай сайыс өткізуге мүмкіндік берген Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, жабылу салтанатында Қырғызстанның мәдениет, ақпарат және туризм министрі Алтынбек Максутов та жүрек жарды тілегін білдірді. Осындай байрақты бәсекені абыроймен өткізген Қазақстан тарапына алғысын жеткізді. Рәсім соңында Көшпенділер ойындарын өткізу эстафетасы символдық тұрғыда Қырғызстанға табыс етілді. Осылайша, 2026 жылғы байрақты бәсеке негізін қалаушы Қырғызстанда өтеді.
Жалпы, бұл ойындар тек көшпелі жұрттың ғана емес, қазақ халқының бай мәдениетін паш етті, себебі әр ойын адамнан тапқырлықты, батылдықты, қайсарлықты талап етеді. Біз осы ойындар арқылы ұлы көшпенділер өркениетінің мұрагері екенімізді тағы бер рет дәлелдедік.