03 нау, 2023 сағат 05:30

Қазақтар қайсар, бірақ армиясының шамасы билігіне байланысты болады – Арестович

Фото: dialog.ua/opinion

Украинаның саяси және әскери сарапшысы Алексей Арестович Қазақстан армиясы жөнінде пікірін білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Арманжан Байтасовтың youtube-арнасына сілтеме жасап.

«Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстан армиясы деген не деген сұрақты өз-өзімізге жиі қоя бастадық. Әскери сарапшыларды да жиі сөзге тартып жатырмыз. Шынымды айтсам, біздің армияның жағдайы ойландырады. Сіздерде де солай болған шығар. Тоқсаныншы жылдары Украина армиясы совет армиясының қалдығы секілді көрінген болар. Ал бізде әлі күнге дейін солай. Бұл қаншалықты қауіпті? Ресей қаруына тәуелділіктің қандай қаупі бар» - деп сұрайды Байтасов Арестовичтен.

Бұл сұраққа берген жауабын Арестович «өте қауіпті» деп бастады. Оның сөзінше, кез келген армияның негізгі функциясы – соғысудан бұрын соғысқа жол бермеу. Бұл – басты тапсырма.

«Егер армия соғыстың алдын ала алмаса, яғни ол институт ретінде, тұтас мемлекет болып ең басты міндетті орындай алмады деген сөз. Қағидат өте қарапайым – қарулы күштер өте қуатты болуы керектігі соншалық, қарсылас сіздерге басып кіруді ойлай алмайтындай болғаны абзал», - дейді ол.

Саясаттанушының айтуына қарағанда, Қазақстан туындап тұрған қауіптерді тануы тиіс.

«Егер біз қарсылас ретінде Ресей армиясын көрсек, ол жерде Қазақстан тарапы Ресейге ол соғыс мүлде тиімсіз болатындай кәсіби сценарийді қалыптастыруы керек. Қазақ армиясы 110 мың, 150 мың адамға дейін болуы керек. Сол кезде ғана Ресей әскери жолмен өз мақсатына жете алмайды. Өйткені Қазақстанның аумағы үлкен, қаруландырып, жабдықтау оңайға түспейді. Әскери сарапшылар, қазақтың мамандары мұны біледі. Әлемнен сарапшыларды шақырсаңыз да, олар өз сараптамасын жасай алады», - дейді ол.

Арестовичтің сөзінше, қазір Қазақстан армиясының саны жеткілікті емес. Ол сонымен қатар авиациялық әлеует қажет екенін, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күші де болуы керектігін ескертеді.

«Осының бәрі қазақ армиясында бар ма? Меніңше жоқ. Менің әкем жоғары лауазымды офицер болды. Мен одан «соғыс кезінде қандай ұлттар ерекше батылдық танытты?» деп сұрайтын едім. Ол сол кезде «қазақтар әскери салада ең мықтылардың бірі» дейтін. Яғни адам әлеуеті, ұлттық мінез жағынан қазақ армиясының деңгейі өте жоғары. Бірақ бұл жерде техникалық мәселе бар. «Волоколамское шоссе» кітабын бәріміз білеміз. Мәскеуге қауіп төнген кезде әйгілі Бауыржан Момышұлының ерлігі қаншалықты хрестоматиялық деңгейге жеткенін білеміз. Екінші дүнижүзілік соғысты, қызыл әскерді білетіндердің бәрі бұл тұлға қолбасшылықтың феноменалды деңгейін көрсеткенін жақсы біледі. Бұл қазақтардың әскерилер ретінде қаншалықты мықты екенін көрсетеді», - дейді ол.

Саясаттанушы «бұл жерде сіздердің биліктеріңіз, мемлекеттеріңіз шешеді, сіздерге армия керек пе деген сұрақты мен оларға Қазақстан азаматы болсам қояр едім» деп сұрақпен аяқтайды сөзін ол.