Фото: astanatimes.com
Атом өнеркәсібі саласында инженерлік мамандықты 921 студент оқып жатыр, олардың 96%-і мемлекеттік гранттар негізінде оқиды, деп хабарлайды Ult.kz, Sputnik.kzке сілтеме жасап.
Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова мәлімдеді.
"Осы саладағы стратегиялық әріптестік аясында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Ресей Ұлттық ядролық зерттеу университеті құрылды. Есенов университетінің базасында неміс техникалық университеттерінің консорциумы да жаңа форматтағы электр энергетикасы саласының инженерлерін даярлауды бастады. Алматы энергетика және байланыс университетінің базасында 2024 жылы Анхальт университетінің филиалы ашылды, онда электротехника және энергетика мамандары даярланады", - деді Гүлжан Жарасова.
Соңғы үш жылда бұл салада 1800-ден астам түлек білім алды. Гүлжан Жарасованың айтуынша, аталған салаға кадрлар даярлау 2000 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді және 4500-ден астам студент, магистрант, докторант диплом алды.
Министрлік өкілі сондай-ақ нарық талаптарына сәйкес инженерлерді даярлау бағдарламаларына жасанды интеллектіні кәсіби қызметте пайдалануға үйрететін пәндер енгізілетінін айтты
Қазақстанда үш ЖОО шетелдік серіктестермен бірлесіп жасанды интеллект саласында кадрлар даярлауды бастады.