Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясатының тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде министрлік мемлекеттік органдармен және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясатының тұжырымдамасын әзірлеуде. Тұжырымдама жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға және коронавирус инфекциясы пандемиясынан туындаған жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарастыруға мүмкіндік береді», - деді Ә. Әбдіқадыров Орталық коммуникациялар қызметінде.
Нәтижесінде, еңбек өнімділігін арттыруға және экспорттық қоржынды күрделендіруге бағытталған сапалы инвестициялар тартуға бағытталған жүйелі іс-шаралар іске асырылатын болады.
«Тұжырымдаманы іске асыру үшін жүйелі және салалық іс-шараларды іске асыру жөніндегі егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспары әзірленетін болады. Тұтастай алғанда, аталған барлық жағдайларды жасау экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың түйінді драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклды іске қосуды қамтамасыз етеді», - деді вице-министр.