27 шіл, 2016 сағат 20:07

«Қазақстанның жағдайы Армениядан да нашар» — Досым Сәтпаев

«Қазақстанда Армениядағыдай өз наразылығын білдіретін құқықтық алаң жоқтың қасы. Тіпті, бізде оппозицияға да орын жоқ. Сондықтан саяси тұралауға ұшыраған Қазақстанның жағдайы Армениядан да нашар. Біздің медиа порталға берген сұхбатында саясаттанушы Досым Сәтпаев екі елдің саяси жағдайын осылайша салыстырды», — деп жазады kaz.365info.kz порталы.

Арменияда бейбіт шеру өтіп жатқанына 1 айдан асқанын еске сала кетелік. Ереванда полиция бөлімшесі басып алынды. Қазір полиция қызметкерлерін кепілге алғандар армян оппозицияның көшбасшысын босатуды талап етіп жатыр. Ал көшеде «Армяндарсыз Армения!» деген ұранды алып шыққан халық президент пен үкіметтің биліктен кетуін қалайды.

Ресей Арменияны сатып кетті

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Арменияда бейбіт шерулердің өтуі, саяси өмірдің белсенділігі — қалыпты жағдай деп есептейді. Осы жағынан алғанда, бұл мемлекетте посткеңестік елдер ішінде демократия құндылығы әлдеқайда жақсы сақталған.

— Алайда соңғы жайт, яғни оппозиция бейбіт іс-қимылдан күштеуге көшуі мұнда да сөз бостандығы, таңдау еркіндігінің тапталып жатқанын байқатады, — дейді ол.

Қалай дегенмен де, саясаттанушы Армениядағы наразылықтың күшеюіне 3 фактор үлкен әсер етіп отырғанын айтады.

— Біріншіден, оппозиция қатты қысым көріп, қудалауға ұшырап жатыр.

Екіншіден, қазір Армения экономикасы ауыр кезеңді бастан кешіруде. Олардың экономикасы Ресейге қатты тәуелді. Ал Ресейдің жағдайы қазір мәз емес екені белгілі. Жағдайымызды түзейді деген Еуразиялық экономикалық одақ та өз пайдасын әкелмеді. Тек көші-қон мәселесінде ғана болмаса, былай одан үлкен септік жоқ. Сондықтан армян халқының басым бөлігі осы одақтан шығуды қалайды.

Үшіншіден, Қарабахтағы соңғы жағдайды алайық. Армениямен жауласушы тарап — Әзірбайжанға Ресей қару-жарақ сатты.

Осылайша бір одаққа қосылып, сенім артқан басты дос елі Арменияны сатып кетті.

Бұл жағдайды еуропалық құндылықты қолдайтын ел ішіндегі саяси күштер оңтайлы пайдаланып жатыр.

Бірақ Арменияның саяси өмірі Қазақстаннан қатты ерекшеленеді. Онда мемлекет басшылары, Үкімет жиі ауысады.

Сондықтан бұл жолы да тараптар келіссөз үстеліне отырып, жағдайды демократиялық тұрғыда шешуге шамалары жетіп қалады деп ойлаймын.

Ал Беларусь президенті Александр Лукашенконың: „Бізге Армения мен Қазақстандағы жағдайдың керегі жоқ„ деп екі елдегі жағдайды мысал еткені тіптен негізсіз„ — дейді Досым Сәтпаев.

Қазақстанда оппозиция жоқ. Оның орнын радикалдар басқан!

Оның пікірінше,

бүгіндері саяси тұралауға ұшыраған Қазақстанның жағдайы Армениядан да нашар. Қазақстанда Армениядағыдай өз наразылығын білдіретін құқықтық алаң жоқтың қасы. Тіпті, оппозицияға да орын жоқ.

— Бұрыннан келе жатқан ескі оппозиция саяси сахнадан кетті. Әрине, оған биліктің ат салысқаны сөзсіз. Ал оның орнына жаңа оппозициялық күш келген жоқ. Бұл арадағы орын үңірейіп қалды. Соған байланысты қазір қауіпті жағдайлар туындай бастады.

Билік ешкімді жолатқысы келмеген осы бос орынды демократиялық, заңды емес, әсіре радикалдық ойыншылар келіп толтыра бастады.

Саясаттанушы экстремистер де өз ойын, наразалығын айта алмай жүргендер екенін есте шығармау керектігін айтады.

«Тіпті Алматыдағы атыс кезіндегі қылмыскерді кек алушы деп те айтып жатты. Демек, ол қоғамның наразы мүшесі. Сондықтан билік халыққа өз ойын айтатын құқықтық алаңқайды ұсыну жағын міндетті түрде ойлануы керек», — дейді Досым Сәтпаев.

Әрине, бізде заң бойынша шеруге шығуға болады. Алайда оған рұқсатты жергілікті әкімшілік береді дейміз. Ал әкімшіліктің шеруге рұқсат беруі екіталай. Бұған жер дауына қатысты наразылыққа тыйым салыну жақсы мысал бола алатынын баса айта кетелік. Қазір жер реформасы туралы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Бірақ аты айтып тұрғандай, қамтылатын тақырыбы бойынша Жер комиссиясының талқы алаңқайы белгілі бір шектеуге ие.

Соған қарамастан, ол арада үштілділікке қарсы, құқық құрылымындағы әділетсіздік пен барлық салада кеңінен етек жайған сыбайлас жемқорлық мәселелері қозғалып жатыр. Осыдан-ақ елімізде билікпен келіссөз жүргізетін алаңдардың ауадай қажеттілік танытып тұрғанын анық аңғаруға болады.

Камшат Сатиева