03 шіл, 2019 сағат 07:28

Қазақстанның үш облысында аналогты хабар тарату толықтай тоқтатылды


«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ел аумағында цифрлық хабар тарату жұмыстары қарқынды жүзеге асып келеді. Аталған жобаны іске асыру барысында 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарында аналогты хабар тарату тоқтатылып, цифрлық хабар тарату жүйесі толықтай қосылды.

Атқарылған жұмыс шеңберінде аймақтарда 178 радио және телеарна станциясы салынған. Жалпы алғанда 1775 елдімекен хабар таратудың жаңа сапасына өтіп, мүмкіндігі арта түсті.

Алматы облысының өзінде 722 елдімекенге цифрлық телерадио хабарларын тарататын 90 РТС пайдалануға берілген.

Ал, Павлодар облысында 356 елдімекен сандық хабар тарату жүйесіне көшкен. Осы саладағы мақсаттарға қол жеткізу үшін өңірде 29 телерадио станциясы салынып, қайта жаңартылған.

Қостанай облысында жобаны жүзеге асыру мақсатында 59 РТС жүйесі салынған. Соған сәкес қазір ел аумағындағы цифрлық хабар тарату жүйесі 98%-ға артқан. Бұл шамамен 628 елдімекенді қамтиды.

Жалпы есеп бойынша, цифрлық хабар тарту жүйесі 4255 елдімекенге орнатылған. Бүгінде бұл өңірлер жоғары сападағы радиотелеарналарды пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, ескі аналогты жабдық «цифрда» жұмыс істеу мүлде жарамсыз. Ал «аналогтың» сигналды жөнелту барысында көп кедергілерге ұшырайды. Бұл – ескі хабар таратудың басты кемшілігі.

Айта кетсек, бағдарламаға сәйкес 2021 жылға дейін Қазақстанның барлық аймағы цифрлық хабар тарату жүйесіне көшуі тиіс. Ал 2018 жылы Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы цифрлық хабар тарату жүйесіне көшкен болатын. Аналогты жүйе өшірілгенге дейін Шымкент қаласында 11 телеарана, ал Түркістан облысында 4 телеарна жұмыс жасаған. Цифрлық жүйеге ауысқанан кейін Шымкент және Түркістан облысында 27 арнаға дейін қолжетімді болды.