
Назарбаев Университетінде Қазақстан триатлон федерациясының (ҚТФ) жыл сайынғы конгресі өтті. "Ұлт ақпарат" бұл туралы ҚТФ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Конгресс ҚТФ президенті Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өтті. Конгреске ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев, елорда әкімі Алтай Көлгінов, бақылаушы кеңес төрағасы-ERG тобының бас атқарушы директорының бірінші орынбасары Алдияр Қазтаев және тағы басқалар қатысты.
Отырыс барысында федерацияның жаңа президенті сайланды. Өкілеттілік мерзімінің аяқталуына байланысты Конгресс мүшелері жаңа президентті және бірінші вице-президентті ашық дауыс беру жолымен сайлады. Жиынға қатысушылар Алдияр Қазтаевты бірауыздан ҚТФ-тің жаңа президенті етіп сайлады. Ал Кәрім Мәсімов ҚТФ Құрметті президенті болып сайланды. Орталықазиялық триатлон қауымдастығының (САТА) президенті және Almaty Triathlon Federation басшысы Ғалымжан Есенов ҚТФ бірінші вице-президенті болды.
Еске сала кетсек, К. Мәсімов ҚР триатлон федерациясының президенті болып 2016 жылы сайланған еді. Оның басшылығымен қазақстандық триатлон жоспарлы әрі кешенді даму жолынан өтті. Дәлірек айтқанда, ұйымның нормативті-құқықтық базасы жетілдірілді, федерацияның жұмысын басқаратын профильді комитеттер құрылды, басты халықаралық триатлон ұйымдарымен (ITU, ASTC, Ironman (WTC)) жақсы қарым-қатынас орнатылды, ел аймақтарында аккредиттелген федерациялар, олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер мектептерінде триатлон бөлімшелері мен секциялары ашылды, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ITU, ASTC, Ironman бірлескен ауқымды халықаралық сайыстар өткізілді, еліміздің барлық дерлік аймақтарында республикалық деңгейдегі сайыстар ұйымдастырылды, үлкен халықаралық додаларда ұлттық құрама мүшелері жақсы нәтижелер көрсетті, және де әдестемелік құжаттар шығарылып, білікті бапкерлер тәрбиелеу ісінде де біршама жетістіктерге қол жеткізілді. Сонымен қатар, әуесқойлық триатлонның дамуына үлкен серпіліс берген «TEMIRADAM» Кубогі құрылды. К. Мәсімовтің басшылығы кезіндегі федерацияның басты жетістіктері ретінде ҚТФ өкілдерінің Азиялық триатлон конфедерациясының (ASTC) Атқарушы кеңесіне және профильді комитеттеріне дауыс беру құқығымен сайланып енгендігін, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран, Ауғанстан және Қазақстан секілді бес елдің ұлттық федерацияларын біріктірген Орталықазиялық триатлон қауымдастығының (САТА) құрылуын атауға болады.
«Бүгінгі таңда қазақстандық триатлон өз даму жолында үлкен серпіліс жасады. Федерация айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бұл, бірлесе атқарған жұмыс пен дана басшылықтың арқасында екендігін сенімді түрде айтуға болады. Ұлттық федерацияның басқару үлкен абырой әрі жауапкершілік. Біздің триатлонға жүйелі әрі кешенді өсім қамтамасыз ете отырып, қалыптасқан дәстүрді сақтау керек. Бұл үшін барлық күшімді жұмсауға ниеттімін», - деді Алдияр Қазтаев.
Бұдан басқа Конгресте федерацияның өткен жылы атқарған жұмысы бойынша есеп тыңдалып, келе жатқан олимпиадалық маусымға негізгі мақсаттар қойылды.
