«Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Берік Әбдіғалиұлы Қазақстанның Сакралды картасы бойынша 100 күндік жұмыстың қорытындысы туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" РrimeMinister.kz порталына сілтеме жасап.
Алдымен Берік Әбдіғалиұлы «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы 2017 жылғы 15 мамырда құрылғанын еске салды. Сол кезде барлық өңірде сакралды орындарды анықтау бойынша облыстық комиссиялар құрылған болатын. Орталықтың міндетінің бірі - жобаларды сараптау-әдістемелік сүйемелдеу. Нысандардың құндылығын анықтаумен ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы басшылық еткен жұмыс тобы айналысады.
«Біз әзірлеген ұсыныстар бойынша өңірлерден шамамен 1 000 тізім келіп түсті. Бүгінде жетекші ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен құрылған сараптау кеңесінің шешімімен мәдени мұраның 100-ге жуық жалпы ұлттық және 500 өңірлік нысаны анықталды», – деп хабарлады Б. Әбдіғалиұлы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, қыркүйекте мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ел өңірлеріне республикалық «Сакралды Қазақстан» экспедициясын ұйымдастыру жоспарда бар. Экспедиция кезінде ғалымдар өлкетанушылармен бірлесіп, әрбір сакралды нысанды құжаттандырып, олардың құндылықтары туралы баяндалатын аңыздар жазады.
«Іс жүзінде, халық бұл жерлерді бұған дейін анықтап қойған. Біздің міндетіміз – сакралды орындардың бірыңғай желісін құру. Бізге сакралды және рухани құндылықтар маңызды. Олар үлкен тәрбиелік және білімдік сипаттағы рөл ойнайды. Келешектегі міндет – оларды кеңінен насихаттау. Адамдар қандай құндылықтарға ие екендерін түсінуі керек», - деді Б. Әбдіғалиұлы.