Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарында 6,9 мың тонна авиаотын қоры бар. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚазМұнайГаздың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«ҚазМұнайГаз» авиаотын өндірудің қазан айындағы жоспары толық орындалғанын жеткізді.
«Осы жылдың қазан айында отандық мұнай өңдеу зауыттары авиаотын өндіру жоспарын толық орындауда. Қазанның 28-і күнгі жағдай бойынша Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттары 36,2 мың тоннаны өндірген. ҚР Энергетика министрлігінің тапсырмасын ескеріп, отандық мұнай өңдеу зауыттары осы айдың соңына дейін қосымша 2 мың тонна авиаотын өндіреді. Жалпы осы айда Атырау, Шымкент және Павлодар зауыттарынан барлығы 42,4 мың тонна авиаотын жөнелтілді», - делінген хабарламада.
Компанияның хабарлауынша, қазіргі уақытта отандық мұнай өңдеу зауыттарында 6,9 мың тонна авиаотын қоры бар.