Әлемде бірде бір мемлекет арнаулы қызметсіз өмір сүре алмайды. Қауіпсіздік органдары – әрқашан мемлекеттік құрылымдарға сенімді қызмет ететін арнайы құпия ұйым. Кеңес заманындағы қазақстандық қауіпсіздік органдары қалай жұмыс істеді? Құрылымы қандай болды? Олардың басшылары туралы не білеміз?
1917 жылдың қазанында Ресейде мемлекеттік төңкеріс болып, билік басына большевиктер партиясы келді. Жаңа өкіметтің өзіндік билік органдары болатыны белгілі. Осы жылдың желтоқсанында Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен контрреволюция және саботажбен күрес мақсатында Бүкілресейлік Төтенше комитет құрылды. Оны халқымыз «ВЧК» (Всесоюзный чрезвычайный комитет) деген атпен жақсы біледі.
«ВЧК» қызметкерлері Кеңес өкіметіне қарсы тұлғалармен ымырасыз күрес жүргізді. Сол себепті бұл мекеменің Кеңес өкіметінің орнығуында өзіндік орны бар. Оның бірінші төрағасы болып Ф.Дзержинский тағайындалды. Осы лауазымда ол 1922 жылдың 6 ақпанына дейін қызмет етті. Атақты революция сарбазы қауіпсіздік органдарының негізін қалап, оның міндеттері мен болашағын айқындап берді.
1922 жылдың 6 ақпанында Мемлекеттік саяси басқарма (ел аузында «ОГПУ» деп те аталады) құру туралы қаулы қабылданды. Ол 1923 жылы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма КСРО Халық комиссарлары кеңесі құрамында ұйымдастырылды. Дзержинский осы құпия қызметті өмірінің соңына дейін басқарды. Орнына В.Менжинский тағайындалып, 1934 жылға дейін қызмет етті.
«ВЧК»-ның қазақ жеріндегі өкілетті уәкілі кімдер еді? 1921 жылдың сәуірінен осы жылдың қарашасына дейін Иван Даниловский басқарды. Қауіпсіздік саласында қызмет еткен жылдары Қазақстан аумағынан басқа Гомель губерниясы Төтенше комитетінің төрағасы және Татар облысы ГПУ басшысы болды. 1921-1922 жылдары бұл қызметке Григорий Мороз келді. Ол Қазан революциясынан кейін қауіпсіздік органдарындағы жұмысымен қоса, әр кездері партия және кәсіподақ ұйымдарында қызметтер атқарды. 1937 жылы қамауға алынып, ату жазасына кесілді.
1922-1928 жылдары Иван Каширин төраға болды. Ол да Кеңес үкіметіне қарсы террористік ұйым құрды деген айып тағылып, 1937 жылы атылды. 1928-1930 жылдары бұл орынға неміс ұлтының өкілі Николай Волленберг жайғасты. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Белоруссиядағы қызыл әскерді ұйымдастырушылардың бірі. Шетелде дипломатиялық лауазымда қызмет атқарып жүрген уақытында денсаулығына байланысты Мәскеуге оралып, 1937 жылы қайтыс болған.
1930-1931 жылдары жоғарыда аталған Иван Даниловский қайта басшылық етті. 1934 жылдың шілдесіндегі КСРО Орталық атқару комитетінің қаулысына сәйкес, мемлекеттік қауіпсіздік органдары Ішкі істер халық комиссариаты құрамына енеді. Оны халқымыз «НКВД» деген атпен жақсы біледі.
В.Менжинский қайтыс болғаннан кейін ОГПУ, ал кейіннен НКВД жұмысын 1934-1936 жылдар аралығында Г.Ягода, ал 1936-1938 жылдары НКВД органдарын Н.Ежов басқарды. Ежовтан кейін НКВД органдарына 1945 жылға дейін Л.Берия басшылық қылды.
Біздің елідегі жағдайға келетін болсақ, Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссариаты 1937 жылдың 7 қаңтарында құрылды. 1931-1935 жылдар аралығында Қазақстан аймағы бойынша Бүкілресейлік төтенше комитеттің өкілетті уәкілі, кейін Қазақ АССР Ішкі істер халық комиссары міндеттерін Василий Каруцкий атқарған. Алғашқыда Колчак армиясының музыкалық командасында мобилизация бойынша қызмет етіп, кейіннен партизандар жағына қашып өткен. Қауіпсіздік органдарында 3-дәрежелі мемлекеттік қауіпсіздік комиссары лауазымына дейін өскен. 1938 жылы Мәскеудегі Боткин ауруханасында өзін-өзі атып өлтірген деген мәлімет бар.
Бұдан кейін Қазақ ССР-і Ішкі істер халық комиссары міндеттерін бірнеше адам атқарды. Оның алғашқысы – 1935-1938 жылдары басшылық еткен Лев Залин (Левин Зельман). Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы. Немістер тылында астыртын жұмыс жасап, партизан отрядтарын ұйымдастырған. 1938 жылы қамауға алынып, 1940 жылы ату жазасына кесілді. 1938-1939 жылдары Станислав Реденс келді. Ол да 1938 жылы қамауға алынып, 1940 жылы ату жазасына кесілді. 1939-1940 жылдары құпия қызметті Семен Бурдаков басқарды. Н.Толмачев атындағы Петроград қызыл әскер университетін бітірді. Қызыл әскер және қауіпсіздік органдарындағы қызметі аралығында қатардағы жауынгерден генерал-лейтенант дәрежесіне дейін өсті.
1941 жылдың 3 ақпанында КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының Қаулысымен Ішкі істер халық комиссариатымен қатар, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздігінің халық комиссариатын (НКГБ) құру туралы шешім қабылданып, бұл жаңа құрылған мекемені В.Меркулов басқарады.
Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1941 жылғы 20 шілдедегі КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының Қаулысымен НКВД және НКГБ Л.Берия басқарған ортақ КСРО Ішкі істер халық комиссариатына біріктірілді. 1943 жылдың 14 сәуірінде КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумы шешімімен В.Меркулов басшылық еткен Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссариаты (НКГБ) қайта құрылды. 1946 жылдан бастап «наркоматтар» мен министрліктер құрылғаннан кейін, Мемлекеттік қауіпсіздік министрі болып В.Абакумов тағайындалады. Тарихтан жақсы білетініміздей, жоғарыда аттары аталған Ягода, Ежов, Берия, Меркулов, Абакумовтар қызметтерінде өрескел қателіктер жіберді. «Заңды аяқасты етті» деген тағы да басқа түрлі айыптауларға ұшырап, соңынан ату жазасына кесілді.
Осы кезеңдерде Қазақстанда қандай тағайындаулар болды? 1940-1944 жылдары Қазақ ССР мемлекеттік қауіпсіздігінің Халық комиссары болып Алексей Бабкин тағайындалады. Бабкиннің қатардағы жауынгерден генерал-лейтенант атағына дейін өсуі – оның Кеңес Одағын нығайту жолындағы жанқиярлық қызмет жолынан сыр шертіп тұрғандығы анық. Сонымен қатар бірқатар жоғарғы мемлекеттік наградалары да бар екендігін айта кету керек.
1944-1945 жылдары бұл қызметке Сергей Огольцов тағайындалды. Ол қауіпсіздік органдарында қызмет еткен уақытында генерал-лейтенант әскери атағы және КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрінің бірінші орынбасары, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрінің Бас барлау басқармасының бастығы лауазымдарына дейін көтерілді.
1946-1951 жылдары Қазақ ССР-і Мемлекеттік қауіпсіздік министрі болып Алексей Бызов тағайындалады. Ол Қазақстанмен қатар, Ресей, Украина, Татарстан және Өзбекстан қауіпсіздік органдарында басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. 1960 жылы мемлекеттік қауіпсіздік комиссары, генерал-майор атағында зейнетке шықты. 1951-1953 жылдары Павел Фитин келді. Кеңестік саяси барлаудың көрнекті басшыларының бірі. Генерал-лейтенант атағына дейін жеткен. Ұлы Отан соғысы жылдарында сыртқы барлауды басқара отырып, неміс басшылығының пиғылдары туралы ақпаратпен ел басшылығын қамтамасыз ету жолында үлкен еңбек атқарған. 1953-1959 жылдары Владимир Губин жайғасты. Қауіпсіздік органдарындағы қызметі аралығында генерал-лейтенант атағына дейін көтерілді. 1948-1951 жылдары Қазақ ССР ішкі істер министрі болып қызмет атқарған. 1959-1960 жылдары Константин Лунев отырды. Ол қызметтік жолында КСРО ІІМ министрінің бірінші орынбасары және КСРО МҚК Төрағасының орынбасары лауазымдарында болған. Берия ісі бойынша сот үрдісіне қатысқан.
1960-1963 жылдары Қазақстан МҚК төрағасы қызметіне Әубәкір Арыстанбеков келді. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш қауіпсіздік қызмет басшысы, генерал-майор. Ә.Арыстанбеков 1930 жылы мемлекеттік қауіпсіздік органдарына, атап айтсақ Біріккен мемлекеттік саяси басқармаға (ОГПУ) шақырылады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Арыстанбеков барлау бөлімшесін басқарған уақытында жау жағына өтіп, бірқатар барлау тапсырмаларын орындаған. 1944-1956 жылдар аралығында Қазақстанның Жамбыл, Семей, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының мемлекеттік қауіпсіздік басқармаларын басқарды. 1956 жылы генерал-майор Ә.Арыстанбеков Қазақ ССР-і МҚҚ төрағасының бірінші орынбасары, ал 1960 жылы осы мекеменің басшысы болып, аталған лауазымда зейнетке шыққанша қызмет етті. 1970 жылы қайтыс болды.
1963-1975 жылдары бұл қызметке Георгий Евдокименко келді. 1939 жылы ІІХК (НКВД) қызметке жіберілген. Ұлы Отан соғысы кезінде өзге қызметтерімен қатар, Солтүстік Кавказ, Приморск армиясы мен Балтық жағалауы майданы «СМЕРШ» қарсы барлау бөлімшелерін басқарған. Генерал-лейтенант Г.Евдокименко Қауіпсіздік органдарындағы қызметімен қатар, КСРО Жоғарғы кеңесінің екі шақырылымында депутаттыққа сайланған. 1975-1982 жылдары Василий Шевченко басқарды. Ол Қазақ қауіпсіздік органдарымен қатар, Тәжік ССР-і МҚК басшысы және КСРО Жоғарғы Кеңесінің екі шақырылымына депутат болып сайланды. Сонымен қатар 1982-1989 жылдар аралығында КСРО МҚК Алматылық жоғары курстарының бастығы болған. Генерал В.Шевченко 1989 жылдары зейнетке шығып, өмірінің соңына дейін ұлттық қауіпсіздік органдары Ардагерлер кеңесінің қызметіне белсене қатысқан.
1982-1986 жылдары төраға орынтағына Зақаш Қамалиденов отырды. Қауіпсіздік органдарындағы қызметімен қатар, Қазақ ССР-і Жоғарғы кеңесінің депутаты, 1988 жылы Қазақ ССР-і Жоғарғы кеңесі Президиумының Төрағасы, Қазақ ССР-і Коммунистік партиясы Орталық комитеті бюросының мүшесі болған. «Заветам Ленина верны» (1974), «Верный помощник партии» (1978) кітаптарының авторы. Әскери атағы – генерал-майор. 1988 жылы зейнетке шыққан. 1986 жылдан 1990 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан МҚК-ін Виктор Мирошник басқарды. 1970 жылдан бастап қауіпсіздік органдарында қызметте. Осы салада Қазақстанмен қатар, Түркіменстан ССР-і Чаржоу облысы бойынша МҚКБ бастығы және Ресейде бірқатар басшы қызметтерде болған. Әскери атағы – генерал-майор.
1990 жылдың наурызынан 1991 жылдың қазанына дейін Николай Вдовин келді. Ол Қазақ ССР-і МҚК төрағасы болар алдында Курск облысы, сонымен қатар Қазақ ССР-нің Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқарамаларына жетекшілік еткен. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Ресейдің қауіпсіздік саласында бірқатар жауапты қызметтерде болып, 2007 жылы зейнетке шыққан.
1991 жылдың қазаны мен желтоқсаны аралығында Қазақ ССР-і МҚК төрағасы боп генерал-майор Болат Баекенов тағайындалады. 1973 жылдан бастап КСРО және Қазақстан қауіпсіздік органдарында қызмет еткен. Б.Баекенов 1991 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Республикасы МҚК төрағасы, ал 1992 жылдың шілдесінен 1993 жылдың желтоқсаны аралығында тәуелсіз Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымында болады. Сонымен қатар ол – өзінің еңбек жолында Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Ішкі істер министрі, Президенттің Күзет қызметінің бастығы міндеттерін атқарған белгілі мемлекет қайраткері.
Бүгінгі таңда тәуелсіздікке қол жетіп, тарихқа деген көзқарас өзгерді. Қазақстандық ұлттық қауіпсіздік органдарының қазіргі қызметкерлері саяси қуғын-сүргін құрбандарының шектелген құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруді, жариялылық пен қоғаммен арадағы байланысты кеңейтуді өздерінің борышы деп санайды.
1992 жылдың 13 шілдесінде Елбасымыздың жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылып, содан бері егеменді еліміздің қауіпсіздік органдарының жаңа тарихы басталды. Қауіпсіздік комитетінің негізгі құндылықтары – адам, қоғам және мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кеңестік кезеңде қауіпсіздік органдарында қызмет еткен ардагер-чекистер қазір де қатарда, олар ұлттық рухты күшейтіп, қазақстандық патриотизмды насихаттау мақсатында аянбай қызмет етіп келеді.
Ағыбай ЕСЕНДӘУЛЕТОВ,
ҰҚК қызметкері