ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдарында мониторинг жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Биылғы 9 айда екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты шамамен 253 ескерту, жазбаша ұйғарым және жалпы сомасы 76,1 млн теңгеге 163 әкімшілік жаза қолданылды.
Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша: банктер көбіне банктік қарыздарға қызмет көрсетпеген, төлемдер және ақша аударымдарына, клиенттердің шоттарына тиісті қызмет көрсетпеген, банктік қызметтер туралы жарнамада банк лицензиясының нөмірі мен лицензия берген орган атауы болмаған.
2020 жылғы тоғыз айда банктерге қатысты әкімшілік жазалаудың жалпы сомасы 36,7 млн теңге болды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына 919,1 мың теңге айыппұл салынған. Микроқаржылық ұйымдар 37,9 млн теңге айыппұл төлейтін болды. Ал коллекторлық агенттіктерге 530,2 мың теңге айыппұл жазылды.