19 қар, 2018 сағат 13:07

Қазақстанның Энергетика вице-министрі қамауға алынды

ҚР Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа екі айға қамауға алынды, деп жазады "Ұлт ақпарат".

«Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Шкарупа Анатолий Валерьевичті 2 айға, яғни 2019 жылдың 16 қаңтарына дейін қамауға алу түрінде санкциялық шара қолдану туралы тергеу жүргізіп жатқан органның өтінімін қанағаттандырды», - деп хабарлады Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен.

Бүгін министрліктің басшысы Қанат Бозымбаев вице-министр Анатолий Шкарупаның жұмыстан кетуге өтініш жазғанын айтты.

Шкарупа жақында ғана қаржы жымқырды деп айыпталған  болатын. Үкімет кулуарында журналистер министрден орынбасарының қызметінен кеткен-кетпегенін сұрады. 

"Ол жерде келісу ұзақ жүреді ғой – премьер-министрдің кеңсесі, президент әкімшілігі. Бірақ ол өтініш жазды, ал мен тиісті қолдаухатты өткен аптада премьер-министр мен президент әкімшілігіне жібердім", — деді Бозымбаев. 

"Шкарупаның ұсталғанын білесіз бе?" деген сұраққа "Иә" деп жауап берді.

Айта кетсек, Анатолий Шкарупа осы жылдың қазанында энергетика вице-министрі болып тағайындалған еді. Көп уақыт өтпей бас прокуратура вице-министрді ақша жымқырды деп айыптады. 

Белгілі болғандай, Шкарупа 2015 жылы Саран қаласының әкімі болған кезде 215 миллион теңге жымқырған.