Ауа райының қолайсыздығына байланысты екі облыста жол жабылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасап.
Ақмола облысында 14 қаңтарда 23:30-дан бастап бұрқасынға байланысты «Астана-Ерейментау-Шідерті» (16-205 км, Астанадан Павлодар облысының шекарасына дейін) автожолында барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелді. Павлодар облысында 14 қаңтарда 23:50-ден бастап «Астана-Шідерті» тас жолының бір бөлігі (205-259 км, Шідерті елді мекенінен Ақмола облысының шекарасына дейін) жабылды.
Айта кетсек, кеше Қазақстанның үш өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланған болатын.
Қаңтардың 15-і күні түнде Маңғыстау облысының аймағында -22°С аяз болады деп күтілуде. Сондай-ақ, 15 қаңтар күні Оңтүстік Қазақстан облысында тұман түсіп, көктайғақ, боран болады. Шығыстан соққан жел күшейіп, жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. 15-17 қаңтар аралығында Қызылорда облысының бірқатар аймақтарында солтүстік шығыстан жылдамдығы секундына 15-20 метр болатын жел соғады.