18 мам, 2021 сағат 14:37

Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты 25%-ға өсті


2015 жылдан бері Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорты 25%-ға өсті. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2015-2020 жылдары ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге экспорт 25%-ға немесе 5,1-ден ден 6,4 млрд долларға дейін өсті. Оның ішінде Ресейге – 25%-ға, Беларуське – 2 есе, Қырғызстанға – 20%-ға, Арменияға – 6 есе өсім бар», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, экспорттық тауарлардың ассортименті де өзгерген және кеңейтілген. 

«Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біздің экспортта дәстүрлі түрде шикізат тауарлары болса, қазір экспортымыздың 58 пайызын өңделген өнімдер құрайды. Ал ЕАЭО елдеріне 2015-2020 жылдары шикізаттық емес тауарлар экспорты 35%-ға (2,8-ден 3,7 млрд АҚШ долларына) өскен. Мысалы 2020 жылы ресейлік сауда желілеріне 2,3 млрд АҚШ долларына жеміс-көкөніс өнімдері жеткізілген. Бір ғана Ресей нарығына жыл сайын азық-түлік өнімдерін жеткізуді арттыру әлеуеті 100 млрд теңгеден асады», - деді Ж. Кушукова.

Сауда министрлігінің мәліметінше, жалпы қазақстандық экспорттың шамамен 10%-ы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге жіберіледі.